Басты бетЖаңалықтарКейінгі 4 жылда ұстаздардың жалақысы 2 есеге өсті

Кейінгі 4 жылда ұстаздардың жалақысы 2 есеге өсті

Кейінгі төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Президент білім беру саласына айрықша мән беретінін атап өтті.

2019 жылы президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді, — деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша кейінгі жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты.

Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленгенін еске салды. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болған. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды.

Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Кейінгі төрт жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді, — деп толықтырды президент.