Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Президентке бизнес-омбудсменнің 2024 жылы атқарған жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді.
Қанат Нұров кәсіпкерлердің құқығы бұзылуына қатысты келіп түскен 3275 шағымның 1759-ы (53,7%) бойынша оң шешім қабылданғанын жеткізді. Соның нәтижесінде 20 миллиард теңгеден астам шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, арыз-шағым саны 12%-ға азайған. Бұл әкімшілік әділет институтының тиімділігін көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бизнестің дамуын тежейтін басы артық әкімшілік кедергілерді анықтауға және жоюға баса мән берілді.
Сонымен қатар бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Кейбір жекелеген жағдаяттар бойынша тиісті реттеуші және құқық қорғау органдарына талап-арыз жолданған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау шараларын одан әрі күшейту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қорғау стратегиясын жүзеге асыру аясында қордаланған проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.