Балалар мен жасөспірімдер әлжелі мен технология арқасында ақпаратты тез қабылдайды да, жылдам жалығып кетеді. Сондықтан мамандар жасөспіріммен маңызды тақырып талқылағанда ескі тәсіл қолданған тиімсіз дейді. Жасөспіріммен патриотизм туралы іш пыстырмай қалай сөйлесуге болады? Алматыдағы №51 мектеп-гимназия мұғалімі Альбина Сыдықова Baribar.kz тілшісіне түсіндіріп берді.

Қазіргі жасөспірімдер қандай?

Қазіргі жасөспірімдерді Z ұрпағы (кіші буыны, 2010-2012 жылы туғандар) және Alpha ұрпағы (2012 жылдан кейін туғандар) деп атайды. Олар – әлемді экран арқылы танитын, өзгеше ойлайтын буын. Олар қысқа әрі нұсқа ақпаратты тұтынғанды ұнатады. Мәтіннен гөрі TikTok, Reels видеоларын, яғни визуал форматты жақсы көреді.

Балалармен сөйлескенде ескеру керек нәрсе — тыңдау, қысқа әрі нақты айту, визуал қолдану және мораль оқымау.

Жасөспіріммен маңызды тақырыпты қалай сөйлесу керек?

Уақыт өзгерген сайын бала мен жасөспірімнің ойлау жүйесі, көзқарасы мен қызығатын дүниесі де өзгереді. Сондықтан жас буынмен сөйлесудің жаңа жолын тапқан дұрыс. Ол үшін жастардың тілін түсініп, сол уақытқа сай әдіс-тәсіл мен құралдарды қолдану керек. Мұны ата-ана да, мұғалім де жасөспіріммен маңызды тақырып талқылағанда ескеруі керек.

Альбина Сыдықова
Альбина Сыдықова. Фото жеке архивінен ұсынылды

Жасөспіріммен патриотизм туралы қалай сөйлесуге болады?

Патриотизм — өте маңызды әрі өзекті тақырыптың бірі. Алайда балаларға бұл тақырып қызықсыз, қиын болып көрінуі мүмкін. Сол себепті жасөспіріммен патриотизм туралы сөйлескенде мына факторларды ескеру керек:

Біріншіден, әңгімені диалог түрінде бастау. Жасөспірім өзімен тең дәрежеде әңгіме құрып жатқанын сезінуі керек. Сонда бала мұның ересектің тағы бір «тәрбиелік сағаты» емес, өз ойын айтуға, пікір алмасуға мүмкіндік беретін тақырып екенін түсінеді. Бала өзін тек тыңдаушы немесе «тыңдап, келісуге міндетті адам» ретінде сезінсе, тез зерігіп кетеді.

Мәселен, «Сен үшін елімізді жақсы ету деген не?» деген қарапайым сұрақтан бастаңыз. Одан кейін тақырыпты бірге талқылаңыз. Қарсы шықса да, қолдаңыз. Себебі патриотизм — дайын жауап емес, ізденіс.

Екіншіден, патриотизм тақырыбын оның өмірімен, күнделікті іс-әрекетімен байланыстыру қажет.  Өкінішке қарай, ъ патриотизм ұғымын тым ресми, құрмет көрсетуге міндеттейтін, салтанатты нәрсе ретінде ғана ұсынамыз. Мектептегі салтанатты жиындар, жаттанды өлеңдер, байқаулар — бәрі шынайы эмоциядан алыс. Сондықтан жасөспірім үшін патриотизм өте кең, абстракт ұғым болуы мүмкін. Ал олар шынайы әрі өзіне жақын дүниені қалайды. Сол себепті патриотизмді олардың күнделікті өмірімен байланыстырып, бастаған жөн.

Мысалы, музыкамен, спортпен, технологиямен, өз ауылындағы оқиғалармен байланыстырған абзал. «Патриоттық болу деген — қоқысты жерге тастамау» немесе «Сен өз мектебіңнің намысын қорғағанда да патриотсың» деуге болады.

Үшіншіден, жасөспірім патриотизм міндет емес, таңдау екенін сезінуі керек. Отанды сүю күштеп міндеттейтін сезім емес, бұл — жүректен шығатын саналы шешім. Патриотизм балаға «борыш» деген мазмұнда ұсынылса, ол оны қабылдамай, қарсыласуы мүмкін немесе күрделі нәрсе көруі мүмкін.

«Адам Отанын, елін қорғауға міндетті» деудің орнына «Сеніңше, қазіргі батыр кім?», «Қазақ болған саған не береді?» деген сияқты сұрақ қойыңыз. Бала ойын айта отырып, патриотизм туралы түсінігін қалыптастырады.

Ал қандай құралдар қолданған дұрыс?

Оқушыны қызықтыратын бірнеше тиімді құрал бар.

  • Біріншіден, қарттарға көмектесу, экологияны қорғау, қайырым жасау және тағы басқа мақсаттағы жобаларға қатыстыруға болады.
  • Екіншіден, әлжеліні қолдануға болады. Қазір балалар мен жасөспірімдер TikTok-та түрлі тренд түсіреді. Осы трендтер, қысқа видеолар патриотизмге баулу үшін тиімді құрал бола алады.  Мәселен, Димаш Құдайбергеннің әніне тренд түсіруді немесе патриотизмге қатысты тренд ойлап табуды, түсіріп келуді тапсырма етіп беріңіз.
  • Үшіншіден, рөлдік ойын беріңіз. «Президент болсаң, не өзгертер едің?» деген сияқты тақырып ұсынып, пікір білдіруге мүмкіндік беру керек.
  • Төртіншіден, қазіргі кейіпкерлерді көбірек таныту керек. Нағыз патриот әскери немесе құқық қорғау органында істейтін адам ғана емес, қарапайым мұғалім, дәрігер, ғалым, еріктілер де патриот екенін, олардың қызметі патриотизм екенін түсіндіру керек.