Алексей Скалозубов қазақ тілін тегін үйретіп жүр. Ол жылдан-жылға ел азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуге ынтасы мен махаббаты артып келе жатқанын айтады. Бірі — тілдің табиғи әуезіне қызықса, енді бірі — патриоттық сезімі оянып, қазақ тілінде еркін сөйлегісі келеді. Олардың арасында шетел азаматтары да бар. Baribar.kz тілшісі Алексей Скалозубовпен «Батыл бол» клубының жұмысы және қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызы жөнінде сұхбаттасты.

«Патриот» дегенде есіңізге кім түседі? Отан қорғайтын әскерилер ме? Олимпиададан медаль алып, көк туды желбіреткен спортшылар ма? Ерекше даусымен Қытай елін аузына қаратқан Димаш па? Иә, олардың нағыз патриот екені рас. Алайда ел назарына ілікпей-ақ ауқымды іс атқарып жүрген қарапайым азаматтар да бар. Солардың бірі – Қостанайда туып-өскен Алексей Скалозубов. Қарапайым орыс жігіт қазақ тілін тегін үйретіп жүр.

Алексей мен оның командасы Алматыдағы KIMEP университетінің ауласы мен кабинеттерінде дәріс оқиды, түрлі қызық тақырып талқылайды. Бір топ адам дәріске аптасына үш рет жиылады. Жоқ, Алексей оқытушы емес. Жиылғандар да студенттер емес. Олар — қазақ тілін үйреніп жүрген “Батыл бол” клубының қатысушалары. Алексейдің айтуынша, оның қазақ тіліне махаббаты Алматыға көшіп келгенінде ашылған. Сол кезде ол қалай болса да, тілді үйренемін деп бекінген.

Алексей Скалозубов
Алексей Скалозубов. Фото жеке архивінен алынды

Ақмола облысында тұрғанда мектепте, университетте қазақ тілін пән ретінде оқысам да, оның маңызын аса түсінбедім. Кейін Алматыға көшіп, бұл қалаға, тұрғындарына ғашық болдым. Алайда қазақ тілін білмегенімнен бұл жақтың вайбына кәдімгідей сіңе алмадым, бірден араласып кете алмадым. Достарымның, таныстарымның қазақша әзілін түсініп, олардың толқынына ілескім келді. Сол кезде қазақ тілін үйренуге ынтам ашылды. Дегенмен, өкінішке қарай, репетитор жалдасам да, деңгейімді жақсарта алмадым. Оған қоса біраз шығындалдым. Кейін тәжірибеге, көбірек қазақша сөйлесуге мән беретін, менімен бірге қазақша сөйлеуді үйренетін орта керек екенін түсіндім. Сөйтіп үш жыл бұрын репетиторымның көмегімен “Батыл бол” клубын аштым. Білесеңіз, әлеуметтік желіге клуб ашатынымды жазғанда алғашқы сабаққа 200 адам тіркелді. Ал бұл қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызын көрсетеді, – дейді клуб басшысы.

«Батыл бол» клубына қазір де 200-ден астам адам қатысады. Олардың қатарында жастар да, егде жастағылар да, қазақтар да, шетел азаматтары да бар. Алексей Скалозубовтың айтуынша, «Батыл бол» клубының бас мақсаты — қазақ тілін енді үйреніп жүргендерге көмектесу, тілдік орта ұсыну.

Біз клуб мүшелеріне әуелі қазақ тілі грамматикасын үйретеміз. Оны білмей, сөйлеп кету қиынға соғады. Одан кейін ғана тәжірибеге көшеді. Тәжірибе кезінде әр күн әртүрлі тақырыпты қозғайды, өзінің көзқарасын, ойын бөліседі. Осылай, қазақ тілінде жиі-жиі сөйлеп, жаттығады, — дейді Алексей.

«Батыл бол» клубында қазақ тілін теп-тегін үйренуге болады. Қазақ тілі грамматикасын арнайы мұғалімдер үйретеді. Ал тәжірибе кезінде еріктілер көмектеседі екен.

Мәселен, қатысушыларды бірнеше топқа бөлеміз, кейін әр топ еріктімен бірге тақырыптарды талқылайды. Тақырыптар әртүрлі: сүйікті ісі, спорт, сән және тағы басқа. Ең бастысы, кикілжіңге әкелуі мүмкін дін, саясат сияқты  мәселелерді талқыламауды сұраймыз. Кейін оларға тапсырма береміз. Мәселен, екі адам болып бірігіп, дүкенге барып, бір затты сатып алуы керек. Дүкеншімен тек қазақша сөйлесуі керек.  Таксиге мініп, такси жүргізушісімен қазақша сөйлесуі керек. Бірі тапсырманы орындайды, екіншісі оны видеоға түсіріп, көмектеседі. Әр сабақтың соңында қатысушылармен бірге қазақша әндерді караоке етіп айтамыз, — дейді клуб басшысы.

"Батыл бол" клубы
Фото: Batylbol.kz

Алексейдің сөзіне қарағанда, «Батыл бол» клубы сабақты еркін түрде өткізеді. Десе де олардың ережелері бар. Мәселен, сабақ кезінде ұялы телефонды қолдануға болмайды. Өйткені смарфтон адамның зейінін аударады, кейбірі аударма қолданбасын қолданып кетеді. Ал бұл олардың тіл меңгеруіне кедергі келтіруі мүмкін. Оған қоса курс барысында басқаларды ұлтына, тіліне, жынысына, жасына, дініне және басқа да ерекшелегіне қарай алалауға болмайды. Алексей клубқа 16 жастан асқан кез келген адам қатыса алатынын айтады.

16 жасқа дейінгілер бала саналады. Оларға сабақты басқаша әдіспен өту керек деп ойлаймын. Оның жауапкершілігі көбірек. Ал клуб — менің қосымша ісім. Сондықтан біздің клубымыз тек ересектерге тіл үйренуге көмектесе алады, — дейді ол.

Олег – Алматы тұрғыны. Жасы 37-де. Ол — «Батыл бол» клубының қатысушысы. Өзінің айтуынша, ол күнделікті өмірде қажет кейбір сөздерді қазақша айта алады, түсінеді. Алайда қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын толық жеткізе алмайды. Сол себепті ол биыл саналы түрде мемлекеттік тілді меңгеруге бел буыпты. Олегтің айтуына қарағанда, Қазақстанда туып-өскен соң өзін орыс әрі қазақ деп санайды екен.

Қазақ қоғамында қазақ мәдениетін көріп өстім. Қазақ елінің дәстүрі, менталитеті жақын. Менің бір бөлігім десем де болады. Дегенмен кейінгі кездері қазақ тілінде сөйлей алмайтыныма жауапты екенімді сезіне бастадым. Бұл өз идентификациямды толық түсініп, қабылдауыма кедергі екенін түсіндім. Сол себепті жарты жылдан бері «Батыл бол» клубына қатысып жүрмін. Қазақ тілі грамматикасын оқып бітірдік, енді практикаға көштім. Қазақ тілі деңгейім әлдеқайда жақсарып қалды, – дейді Алматы тұрғыны Олег.

"Батыл бол" клубы
Фото: Batylbol.kz

«Батыл бол» клубының мұғалімі Мадина Уәлидің айтуынша, қазір елімізде қазақ тілінің мәртебесі әлдеқайда өсіп келеді және бұл – қуанатын жайт.

Музыка, өнер, мәдениет саласы қазақша көбірек сөйлей бастады. Өнер жастардың қазақ тіліне сүйіспеншілігін арттырған сияқты. Клубқа келгендерден «Не үшін үйренгіңіз келеді?» деп сұраймын. Бірі “қазақ тілін білген дұрыс” дейді, енді бірі міндеті екенін айтады, тағы біреулер қазақ тіліне махаббаты ашылғанын жеткізеді. Біреулер жұмыс бабы бойынша қажет екенін ашық айтады. Шынымен-ақ, тіл үйренгеннің зияны жоқ. Одан байып кетпесеңіз, кем болып қалмайсыз. Алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі жоғарылай береді деп үміттенемін, – дейді Мадина Уәлиқызы.

Ал клуб негізін қалаған Алексейдің сөзіне қарағанда басқа ұлт өкілі қазақша үйренсе, қазақ оған риза болып, көмектесетінін, бірақ қазақ азамат қазақша білмей, үйренуге тырысса, оны қолдаудың орнына «Қазақ бола тұра неге білмейсің?» деп сөгетінін байқаған. Ол мұндай әрекет керісінше адамның қазақ тіліне ынтасын жоятынын айтады. Сол себепті Алексей қазақ тілін меңгеріп жүргендерді қолдау керек дейді.

Алексей Скалозубов
Алексей Скалозубов. Фото жеке архивінен алынды

Қазір «Батыл бол» клубының Алматыда, Астанада, Қостанайда, Оралда, Қарағандыда филиалы бар. Алексей Қазақстанда осындай еркін форматтағы тегін клубтарды көбірек ашу керек дейді. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне клуб ашып, сол жақтағы тұрғындарға қазақ тілінің маңызын көбірек түсіндірген жөн екенін айтып отыр.

Алғашында 14 облыстан аштық, кейін көбі жабылып қалды. Себебі мұғалімдерге де, ұйымдастырушыларға да қызметі үшін ақы төлеу керек. Ал бұл демеушісіз қиын. Қазір бізге Алматыдағы университет кампусын тегін қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Ал KAZ Minerals мұғалімдеріміздің жалақысын төлеп, қаржылай көмектесіп жатыр. Бұл кісілер тек жақсы іске игілігін қосып қана қоймай, елінің, тілінің дамуына үлес қосып жатыр. Оларға алғысымыз шексіз, — дейді Алексей.

***

Тест: Қазақша дұрыс сөйлеп жүрсіз бе?