Оңтүстіктен солтүстікке 141 отбасы көшірілді

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының халқы 3 миллион адамды шамалап қалды. Ал Павлодар облысында 750 мыңдай адам болса, Қостанай облысында – 880 мыңдай, Солтүстік Қазақстан облысында 560 мыңдай адам бар. Әсіресе осы Солтүстік Қазақстанның халқы өсу орнына жылдан-жалға азайып барады. Яғни ол жақтағы орыстілділердің көбі өз тарихи отандарына қоныс аударуда. Сондықтан оңтүстік жұртын негізінен осы аталған облыстарға қоныстандыру мәселесі туындап отыр.

Бүгінде аталған бағдарлама аясында оңтүстік өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар бар. Ол жаққа 2016 – 2017 жылдар аралығында 141 отбасы көшіп барыпты. Осының 129-ы биылғы жыл басынан бері қоныс аударған екен.

көшуҚоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әрқайсысына шаққанда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Олар тиісті жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ оларға баспананың жал ақысы үшін 1 жыл бойы 34 мың мен 68 мың теңге аралығында субсидия беріледі. Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Басқа да бірқатар жеңілдік бар.

Бұл қоныс аудару бейберекет жүрмейді. Алдымен жұмыс берушімен келісім жүргізіледі, көшетін адам содан кейін іске кірісе берсе болады. Солтүстікке барған жерлестеріміздің алды ол жаққа бейімделіп, шаруасын жүргізіп те жатыр екен. Дегенмен қоныс аударуға ниеттенген 18 отбасы түрлі себептермен (жағдай ұнамаған, климат жақпаған, отбасылық себептер кедергі болған дегендей) ол жақты жерсінбей, қайта оралыпты. Әрине, олар өздеріне берілген көмек ақшаларды мемлекет бюджетіне қайтаруы тиіс.

…Жалпы, Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы баяу болса да жүріп жатыр. Бұл жаман емес шығар.

Дереккөзbaq.kz