Басты бетЖаңалықтарТүркияның курортты аймағы өртеніп жатыр: 2 адам қаза болды

Түркияның курортты аймағы өртеніп жатыр: 2 адам қаза болды

Измир провинциясында бірнеше күннен бері ормандар өртеніп жатыр. Үш ауданның тұрғындары эвакуацияланған. Бұл туралы Euronews хабарлап отыр.

Кейінгі мәлімет бойынша, Измир қаласында екі адам қаза болды. Қазір бұл өңірде жасыл желек жетінші күн жанып жатыр.

Күшті жел өрттің тарала түсуіне себеп болып, қызыл жалын Чешме қаласына апаратын негізгі автомагистральға жетіп, жол екі бағытта уақытша жабылды. Сәрсенбі күні Чешме курорттық аймағына қарасты Ылдыр шағынауданында өрт шыққан. Келесі күні тілсіз жаумен күресуге әуе күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмысына 6 ұшақ пен 16 тікұшақ жіберілген.

Өңірде желдің жылдамдығы сағатына 85 шақырымға дейін жетіп отыр, бұл отты ауыздықтауға кедергі келтіреді. Одемиш ауданында өрт сөндіру кезінде бульдозер жүргізушісі қаза тапты. Жергілікті биліктің мәліметінше, марқұм екі баланың әкесі, өрт сөндіру бригадасына көмектесу үшін Коня қаласынан келген. Өрт қаупіне байланысты Чешме ауданының Ылдыр және Гермиян шағынаудандары, сонымен қатар Урла ауданындағы Нохуталан елді мекеніндегі адамдар эвакуацияланды.

Измир-Чешме автомагистралі де екі бағытта жабылды. Измир провинциясының губернаторы Сүлеймен Эльбан өрттің ауылшаруашылық алқабынан басталып, орманға жайылғанын растады. Алдағы аптада Түркияның көптеген өңірінде орман өрттері болуы мүмкін. Ол өрт қаупрінің жоғары екенін ескертті. Ауа температурасының 40 градустан жоғары көтерілуі, құрғақ ауа райы мен желдің күшеюі жағдайды күрделендіріп отыр.

Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасының мәліметі бойынша, биыл 1-30 маусым аралығында ел аумағында жалпы 1 563 өрт тіркелген. Оның ішінде 612-сі орман алқаптарында, ал 951-і ауылшаруашылық жерлерінде шыққан. Сонымен қатар 499 орман өрті ауылдық аумақтардан басталып, орманға таралған.

Қазіргі таңда Измир провинциясының бірнеше ауданында өрт ошағы бар. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысты жалғастырып жатыр.