
Шымкентте отандық өндірісті қолдауға арналған ауқымды іс-шара — ұлттық өндіріс фестивалі өтті. Фестиваль аясында журналистер мен блогерлерге арналған ерекше экскурсия ұйымдастырылды. Baribar.kz тілшісі Қазақстандағы балаларға жөргек өндіретін жалғыз зауыттың жұмысымен танысып қайтты.

175 миллионнан астам жөргек өндіреді
Capable Group — еліміздегі балаларға арналған алғашқы отандық жөргек шығаратын өндіріс орны. Зауыт Шымкентте орналасқан. Бұл кәсіпорын бес жыл ішінде ел нарығындағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі жетекші өндіріс алаңына айналып отыр. Компания жылына 175 миллионнан астам жөргек өндіреді. Бүгінде өндіріс орны 15 түрлі брендтің жөргегін шығарып, Ресей, Өзбекстан, Латвия, Қатар және өзге де мемлекеттерге өнім экспорттап келеді. Олар — Altyn Bala Premium, SimboBaby, Tompi, Gigo, Sabiko және тағы басқалары.
Компанияда істейтін жүзге жуық қызметкердің 60%-ы – ерекше қажеті бар азаматтар. Бұл — қоғамдағы инклюзия мен мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау бағытындағы үлгі.

350 қонақ өнімнің қалай жасалатынын көрді
Фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен келген 350-ден астам қатысушының басын қосты, олар: бизнес көшбасшылары, дистрибьюторлар, медиа өкілдері мен блогерлер, қоғам белсенділері, жастар және елдегі брендтерге сенетін тұтынушылар. Олар өндіріс цехын аралап, дайын өнім қалай жасалатынын, оның құрамын, сапа бақылау процесін көзбен көріп, материалдың құрамы мен қауіпсіздігі туралы біліп қайтты.

Компания негізін қалаған Баянсұлу Төрегелдіқызының айтуынша, зауыттағы өндіріс «жапон технологиясына» негізделген. Ал қолданылатын шикізат Қытайдан арнайы тапсырыспен жеткізіледі.
Зауыттың технологиясы мен сапасына ерекше мән бердік. Бұл өнімнің жұмсақтығы мен суды жақсы сіңіретін қасиеті береді. Жөргектер халықаралық сапа стандарттарына сай жасалады және нәресте терісіне қауіпсіз. Capable Group миссиясы — отандық брендті тек ішкі нарықта емес, халықаралық деңгейде таныту. Бүгінгі фестиваль – осы мақсатымыздың бір сатысы. Біз өндірісті дамытып қана қоймай, Қазақстан азаматтарының өнімімізге деген сенімін арттырғымыз келеді, — деді Баянсұлу Төрегелдіқызы.

Өнімдеріміз дәріхана, балалар дүкені мен маркетплейстер арқылы Қазақстанның барлық аймағында сатылып жатыр. Бүгінгі экскурсия — тұтынушылар мен өндіріс арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Өнімімізбен мақтана аламыз және оны көпшілікке ашық көрсетуге дайынбыз. Жөргектердің құрамында аллергия тудырмайтын, бала терісіне 100% қауіпсіз материалдар қолданылады. Өндіріс желісі толық автоматтандырылған, — деді компания басшысы.

FEST бағдарламасы — шабыт пен серіктестік
FEST аясында келушілерді мынадай бағдарлама күтті:
- Компанияның даму стратегиясы мен өндірістік жетістіктері туралы презентация.
- Танымал қазақ әртістер қатысатын концерттік шоу.
- Қонақтарға арналған интерактив ойындар, ұтыс ойындары, эксклюзив сыйлықтар.
- Айнамен жабдықталған премиум Instagram-аймақ, фотозоналар мен креатив локациялар.
- Серіктестер мен демеушілерге арнайы алғыс білдіру блогы, естелік фотосуреттер мен марапаттар.

Ұлттық өндірісті қолдау — ел болашағына инвестиция
Қонақтар арасында халық танитын адамдар да болды. Олардың сөзіне қарағанда, мұндай өндіріс орындары отандық өнімді ғана емес, әлеуметтік дамуды да қолдайды.
Бұл тек мерекелік кеш емес, елдегі өндіріс пен кәсіпкерлік дамуының жаңа кезеңін паш еткен тарихи сәтке айналды. Мен үшін бұл — болашаққа сенім. Шынымды айтсам, мұндай сапалы өнімнің елімізде жасалып жатқанына қуандым. Бәрі таза, жүйелі, заманауи — бұл ана ретінде мен үшін маңызды. Компаниялар отандық өнімнің әлемдік нарықта да лайық орын алатынын дәлелдеді. Баламызға үшін бұрын шетел брендін іздейтінбіз. Енді бірінші кезекте отандық өнімге қараймыз, — деді блогер Фариза Төреәлі.

Ал актриса Жазира Еркіннің айтуынша, сапа, тұрақтылық және қоғаммен байланысты дұрыс орнатқан компаниялар ғана нарықта ұзақ өмір сүреді.
Бүгінгі экскурсия көзімді ашты. Импортқа қарамай-ақ өзімізде сапалы балама бар екеніне көзім жетті. Міндетті түрде бөлісемін. Instagram-аймақтан бастап әрбір ұсақ-түйекке дейін өте сапалы ойластырылған. Зауытты аралап, өнімнің сапасын тексеріп көрдік. Осындай компаниялар елімізде өнім өндіріп қана қоймай, отандық бренд мәдениетін қалыптастырып жатыр, – дейді Жазира Еркін.

Фестиваль мен экскурсия аясындағы ашықтық өндіріс пен тұтынушы арасындағы сенімді арттыруға, отандық брендтің құндылығын нығайтуға бағытталды. Іс-шара отандық өнімнің сапасын көрсету және ұлттық бренд мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.