Биыл мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 272,7 миллиард теңге жұмсалды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Бұған қосымша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 37,3 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Министрліктің дерегінше, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 542,5 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — шамамен 198,1 мың адам болған.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сонымен қатар тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады, — делінген хабарламада.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,2 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: кейінгі екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%—ке өсті. ҚР үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5%—ке артты, — делінген хабарламада.
Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін — 101 702 теңгені, 2-топ үшін — 81 362 теңгені, 3-топ үшін — 55 474 теңге болды.
1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 245 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша — 72 524 теңге болып отыр.