Басты бетЖаңалықтарҚазақстан бидайы Вьетнамға экспортталды

Қазақстан бидайы Вьетнамға экспортталды

Қазақстан бидайы тиелген транзиттік контейнерлік пойыз Қытайдың Ляньюньган портына келіп жетті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлап отыр.

Бұл – Вьетнамға арналған сегіз құрамның алғашқысы. Астықты жеткізу мультимодальды бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Теміржол құрамы жалпы салмағы 1,7 мың тонна болатын 62 контейнерден құралған. Контейнерлер теңіз кемелеріне қайта тиелгеннен кейін, бидай Вьетнамның Хайфон портына жеткізіледі, — делінген хабарламада.

Ляньюньган портындағы логистикалық база «бір контейнер – бір сервис» қағидасымен жұмыс істейді. Бұл модель бойынша жүктің бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін қайта тиеусіз бір контейнерде жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Осы технологияның арқасында теміржолдан теңіз портына өту уақыты небәрі бір сағатқа созылды. Сонымен қатар қазақстандық бидай барлық рәсім жедел түрде жүргізілетін «жасыл дәліз» арқылы жеткізілді.

Айта кетейік, алғашқы бидай партиясы Ақмола облысындағы астық қабылдау кәсіпорындарында дайындалған. Жалпы, Вьетнамға шамамен 15 мың тонна азықтық бидай жөнелтіледі деп жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» экспортқа 196 мың тонна астық жөнелтті. Ең ірі партиялар Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Иран нарықтарына жіберілді.