Басты бетЖаңалықтарПавлодар облысында құны 1,6 миллиард теңгеден асатын вейп тәркіленді

Павлодар облысында құны 1,6 миллиард теңгеден асатын вейп тәркіленді

Павлодар облысында электрон вейптерді, хош иістендіргіш пен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз сатқандар ұсталды.

Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.

Қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында вейптерді сату Telegram мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы жүргізілген, ал өнім курьерлік қызмет арқылы жеткізілген. Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін дропперлердің — яғни жалған тұлғалардың атына рәсімделген банк карталарын пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, олардың заңсыз шығу тегі жасырылған, — делінген хабарламада.

Тауар сақтайтын қоймалар мен сатқан орындар анықталды. Құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленді. Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 миллион теңге болатын үш автокөлік: Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander тыйым салынды.

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды. Вейптердің кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен студенттер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі вейп құрамындағы заттар жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың пайда болу қаупін арттырады – делінген хабарламада.