Бүгін саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Президент «Алжир» мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл қойды. Бұл туралы «Ақорда» хабарлап отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл қойды. Президент боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды, – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөз сөйлеп, аштық пен репрессия туралы айтқан.
Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды, – деген ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт «алапат аштықтан қынадай қырылғанын, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болғанын» айтқан.