Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) әлемдегі өлім-жітім себебінің ішінде үшінші орында тұр. Қазақстанда ӨСОА-мен ауыратындардың көбі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады. Аурудың негізгі үш факторы — ауасы лас қалада тұру, жылдар бойы шылым шегу және кенші сияқты шаң-тозаңы көп жерді жұмыс істеу. Бұл туралы «Астра-Зенека» компаниясы ұйымдастырған паблик-токта айтылды.
Әлемде ӨСОА-мен 384 миллион адам ауырады. ДДСҰ мәліметінше, бұл дерт әлемдегі өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында тұр. Қазақстанда 100 мың адамның 300-500-і ӨСОА-мен ауырады. Бұл дертпен ауыратындардың көбі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады. Ал бұл ауруға азырақ шалдығатындар Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұрады. Дегенмен ауруды анықтау ұзаққа созылатынын ескерсек, бұл ресми дерек фактімен сай келмеуі мүмкін.
Трассадан 100 метр ғана қашық тұратындар ӨСОА-ға көбірек шалдығады
Almaty Air Initiative ұйымының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, өкпенің созылмалы обструктивті ауруына ауа ластанғаны бір себеп.
Зерттеуіміз бойынша, 2024 жылы Алматыда РМ2.5 (ауадағы қатты бөлшектер) орташа жылдық концентрациясы ДДСҰ ұсынған деңгейден шамамен бес есе жоғары болды. Автокөлік құралдарынан шығатын негізгі ластаушы азот диоксидінің деңгейі нормадан 4,2 есе артты. Бір жылдың ішінде Алматыда азот оксидінің концентрациясы шамадан аспаған 16 күн ғана болған. Ауа сапасы денсаулыққа қатты әсер етеді: PM2.5 деңгейінің небәрі 10 мкг/м³ артуы ӨСОА ауруына шалдығатындар санын 18% өсіреді, — дейді Жұлдыз Сәулебекова.
Ұйым көлік көп жүретін трассадан 100 метр ғана қашық тұратындар басқаларға қарағанда ӨСОА-ға 79% көбірек шалдығатынын зерттеп, білген.
Бұл дертті басқа өкпе ауруларынан қалай ажыратуға болады?
Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпова елімізде ӨСОА-дан қайтыс болатындар пневмониядан кететіндерден үш есе көп екенін айтты.

Әуелде өкпенің созылмалы обструктивті ауруы білінбей басталады. Басында жөтел пайда болады, адам бірде жөтелден тыйылады, бірде қайтадан жөтеліп кетеді. Адамдар деміккенде барып дәрігерге қаралады. Ал бұл — аурудың соңғы сатыларының бірі. ӨСОА-ны басқа өкпе ауруларынан былай ажыратуға болады: адам кемі екі жыл жөтеліп жүреді және бір жылда кемі үш ай тоқтаусыз жөтеледі. Одан кейінгі кезең — ауруды спирографиямен анықтау, — дейді Наталья Латыпова.
Оның айтуынша, бұл аурудан сақтану үшін дұрыс тыныс алу керек, кез келген дене жаттығуын жасаған дұрыс, тыныс алу жаттығуларын жасау қажет, отырған жердің ауасын арнайы құралдармен тазартып отыру керек.
Темекі шегетін оқушылар 15-20 жылдан соң ӨСОА-ға шалдығуы мүмкін
Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Дамиля Нұғманованың айтуынша, темекі шегетін оқушылар 15-20 жылдан соң өкпенің созылмалы обструктивті ауруына шалдығуы мүмкін.
Балалар өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауырмайды. Олар демікпемен, аллергиялық ринитпен ауыруы мүмкін, кез келген вирус инфекциясымен ауырған бала тыныс демікпесіне шалдығуы мүмкін. Ал ӨСОА-мен ауыру үшін ұл бала 18-20 жыл, қыз бала 15-17 жыл шылым шегуі керек немесе ұзақ уақыт ауасы лас жерде тұруы қажет. ӨСОА-ға шалдықпас үшін трасса жанында жүгіруге, велосипед айдауға болмайды. Адам пайдаланылған газ жұтып жүреді. Ауа лас күндері де спортпен айналысу қажет емес, — дейді Дамиля Нұғманова.
16 жасында ӨСОА диагнозы қойылған Алматы тұрғыны
Надежда Занина — өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауыратын Алматы тұрғыны.
Темекі шекпеймін, шаң-тозаңы бар ауыр жұмыс істемеймін, брақ Алматыда тұрамын. Соның өзі-ақ осы дертке шалдығуыма себеп болды. 13 жасымда алғаш рет пневмония диагнозымен ауруханаға түстім. Содан кейін жыл сайын антибиотик салып, физиотерапия, стандартты ем алатын болдым. Әуелде жылына бір рет емделсем, уақыт өте жылына бірнеше мәрте ем алуыма тура келді. Кейін тұрақты ентікпе пайда болды. 15 жасымда қатарластарым істейтін көп нәрсені істей алмадым: жүгіруге болмайды, секіруге болмайды, көптеу жүріп қалсам, демігіп кететінмін, — дейді Надежда Занина.

Оның айтуынша, флюрография қалыпты нәтиже көрсетіп тұрған соң, терапевтілер пульмонологқа жіберген. Сөйтіп, Надеждаға 16 жасында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы деген диагноз қойылған. Қазір Надежда қыста үйден сирек шығады, үйіне ауа тазартатын түрлі құрал сатып алған.
Almaty Air Initiative ұйымының мәліметінше, Алматының әр ауданында тұратын жалпы 1000 тұрғыннан сауалнама жүргізгенде әр үшінші тұрғын түрлі өкпе ауруымен ауыратынын айтқан.