Биыл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихи журнал – Aq jelken-нің жарық көріп келе жатқанына 100 жыл толып отыр.
Журнал тұңғыш рет 1925 жылы «Пионер» деген атаумен төте жазумен жарыққа шыққан. Алғашқы редакторы – Ерғали Алдоңғарұлы. 1930 жылы журнал атауы «Екпінді жас» болып өзгеріп, латын қаріпімен шықты. Жауапты редактор міндетін Әмина Мәметкеліні атқарған. Журналдың 1937 жылға дейінгі тағдыры белгісіз. Дегенмен 1937-39 жылдары Алматыда «Вожатыйға көмекші» деген атаумен шығып, жауапты редакторы К.Әбдірашитов, корректоры О.Шайақметова деп көрсетіледі.
1939 жылы «Пионер» атауына қайтып оралып, бірінші санына «Жаңа журнал» деген тақырыппен мақала басылған. Бұл кездегі бас редакторы Рамазан Амангелдин (Амангелді Имановтың ұлы) екені белгілі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін, 1940-1946 жылдары оқырмандар журналдан қол үзіп қалған.
Соғыстан кейін, яғни 1946 жылы Төкен Әбдірахмановтың редакторлығымен «Пионер»
қайта шығып, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар журналға жылы лебізін білдірген. Басылым 1959 жылы қайта жабылып, 1978 жылы тағы жаңғырады. Қазақтың белгілі ақыны әрі ұзақ жыл «Пионерде» бас редактор болған Фариза Оңғарсынова 1990 жылы журнал атауын «Ақ желкен» деп өзгерткен. Жүз жылдық ғұмырында журналда Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Дихан Әбілов, Ғали Орманов, Сапарғали Бегалин, Қасым Аманжолов, Баубек Бұлқышев, Бердібек Соқпақбаев және өзге де қабырғалы қаламгерлер тұрақты автор болды.
Бүгінде Aq jelken — журнал ғана емес, тұтас бір дәуірдің, ұлттық танымның шежіресі, жас оқырманның үнін жеткізетін маңызды алаң. Оқырмандар арасында әсіресе Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау облыстарының жеткіншектері өте белсенді.
23 мамырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада журналдың 100 жылдық мерейтойына орай ғылыми конференция өтеді. Онда бірқатар мәдени-ағартушылық іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында Aq jelken-нің тарихына арналған ретрофотолар көрмесі, жас тілшілерге куәлік табыстау, ардагер журналистермен және оқырмандармен кездесу, журнал тарихына орай шығарылған арнайы кітаптың тұсаукесері бар.