Алматының көшесіне Фариза Оңғарсынованың есімі берілді

Көшенің ашылуына жиналған қауым ақынның өмірі мен шығармашылығын еске алды. Алматы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов ақын атына көшенің берілуі оны халықтың мойындауы деп білетінін айтты.

Атырауда аспанмен таласқан үлкен ескерткіш қойылды. Елорданың бір көшесі ақын атымен аталды. Алматыда да сондай шараның куәсі болып отырмыз. Фариза апамызға көшенің берілуі оны елдің мойындағанын көрсетті, — деді Мамай Ахетов.

Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов ақынның Алматыдағы қазақтың рухани анасы болғанын айтты.

Фариза апай осы жерде қазақтың рухының өсуіне, қазақтың қазақ болуына, қазақ қыздарының ешкімнен кем болмауына бір адамдай еңбек сіңірген. Өзінің отты өлеңдерімен Алматыдағы қазақтың ең бір үлкен рухани анасы болып жүрді, — деді Мереке Құлкенов.

Қазақ әдебиетіне «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ» секілді өлеңдер жинағын әкелген ақын шығармашылықпен қатар жауапты қызметтерді қатар атқарды. Фариза Оңғарсынова 1996-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған.

ДереккөзZakon.kz