Басты бетЖаңалықтарҚазақстан азаматтарының 73%-і еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды – сауалнама

Қазақстан азаматтарының 73%-і еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды – сауалнама

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, азаматтардың 73,3%-і еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.

Мемлекеттік бастамаларды қолдаудың ең жоғары деңгейі жастар арасында –18-29 жас аралығындағы респонденттердің 82%-і қолдаған. Бір қызығы, ерлерге (71,1%) қарағанда әйелдер елдің дамуына (75,3%) оптимистік көзқарас білдіріп жатыр.

Қоғамдық көңіл-күйдің маңызды көрсеткіші – халықтың ел президентіне деген сенімі. Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі бойынша ел халқының 76,4% мемлекет басшысына сенім білдірді. Президентке деген сенімнің жоғары деңгейі жастар арасында – 84,6%, әйелдер арасында – 78,1% (ерлерде – 74,5%) байқалды. Ауыл және қала тұрғындарының сенім деңгейінде елеулі айырмашылық байқалмайды – тиісінше 76,8% және 76,1%.

Бұл ретте респонденттердің жартысынан астамы – 60,8% елдің алдағы бес жылдағы даму болашағын «өте дұрыс» және «едәуір дұрыс» деп бағалайды.

Бұл әлеуметтік оптимизм өмірге қанағаттану сияқты қоғамдық көңіл-күйдің көрсеткішінде де көрінеді. «Жалпы, сіз өз өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?» деген сұраққа респонденттердің 57,3%-і «толығымен қанағаттанамын» деп есептесе, 32,8%-і «едәуір қанағаттанамын» деп жауап берген.

Сонымен қатар респонденттер елдің саясаты, экономикасы және қоғамдық өмірі туралы ақпаратты желілік БАҚ-тан (30,3%) және әлеуметтік желілерден (34,7%) алғанды жөн көретінін атап өтті.

18 жастан асқан 8 мың респондент қатысқан зерттеу 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланы қамтыды. Сауалнама 2025 жылғы 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын көрсететін іріктеу бойынша жеке сұхбаттарды (CAPI) пайдалана отырып жүргізілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да