Шерзат Болат өліміне қатысты сотта неге 9 күдікті ғана отыр? Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов жауап берді.
Жақында Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы өтті. Алдын ала тыңдауда сот залында 9 күдікті ғана болған. Бірақ осыған дейін Шерзат Болат ісінде 11 күдікті бар екені айтылған. Журналистер ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтен «Сот залында неге 9 күдікті ғана отырды?» деп сұрады.
Заң шектеуін білесіздер. Сот отырысы енді басталып жатыр. Сотқа пікір айтуға құқылы емеспін. Тергеу ашық жүргізілді. Прокуроратура органдары қадағалап, істі ведомстволық бақылау жоғары деңгейде болды, – деп жауап берді Санжар Әділов.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.
Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова үйлі болғанын да жазған едік.