Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 15 тәулікке қамайтын болды.
Алматы облысының соты сәрсенбі, 11 желтоқсан күні таңертең ерте таратқан баспасөз хабарламасында Қаржаубай Нұрымов пен оның екі туысына қатысты іс қаралғанын хабарлап отыр.
Дәлірек айтсақ, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) Салтанат Нұрымова әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 488-бабы, 8-бөлігі) азаматтығы жоқ тұлға Бахыт Рейімова 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, одан кейін Қазақстан Республикасынан депортацияланатын болды.
Қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне құрмет танытпағаны үшін, соныммен қатар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасап, көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
Психолог Гүлзат Қанат жасөспрімді ұрып өлтірген адамдардың паталогиялық агрессиясы бар екенін айтқан еді.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Ер адам өз-өзіне қол салған. Аталған жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.