Судья Qaznews24 сатиралық Instagram паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты үкім шығарды. Прокурор Дидар Қабаев журналистің бостандығын 5 жыл шектеуді сұраған. Судья сондай үкім шығарды. Бұл туралы Orda.kz хабарлап отыр.
Темірлан Еңсебекке журналистік, құқық қорғау және саяси қызметпен айналысуға, бейбіт жиындарға қатысуға тыйым салынды. Ноутбук пен телефон айғақ зат деп танылып, мемлекет пайдасына тәркіленді.
Енді ол сұхбат бере алмайды, әлеуметтік желі жүргізе алмайды, грант ала алмайды, оффлайн және онлайн кездесу өткізе алмайды, эфирге шыға алмайды, түрлі кездесуге қатыса алмайды, ойын-сауық орындарына бара алмайды.
Оған қоса Темірлан Еңсебекке жәбірленушілер қорына төленетін 20 АЕК (2024 жылғы есеп бойынша, 73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Журналист судья үкім шығарар алдында соттағы соңғы сөзін айтқан еді. Ол енді журналистер жұмыс істеуге, өмір сүруге қорқады деді.
Менің өмірлік тәжірибем де, бар жұмысым да – осы (журналистика ред.). Тыныс алуға рұқсат беріңіздер, әйтпесе маған қарғыбау салып қойғандай. Таңғалып отырғаным сонша, аузыма сөз түспей отыр. Жұмыс істей алуым үшін басқа қызметпен айналысуға мүмкіндік беріңіздер. Бұл үкім бойынша маған журналистік қызметпен, құқық қорғау қызметімен, қоғамдық және саяси қызметпен айналысуға тыйым салынатынын білемін, — деді Темірлан Еңсебек.
Ол барынша жеңіл жаза сұраған, ең жақсысы айыппұл төлеуді сұраған. Алайда оның ешбір сұранысы орындалмады.
Прокурор Темірлан Еңсебекті «Алматы аумағында адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған» деп айыптады.
Естеріңізге сала кетейік, QazNews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің үстінен қылмыстық кодексінің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық немесе діни араздықты қоздыру) бойынша іс қозғалған еді. Полиция журналисті Тина Канделаки мен «Йоу, орыстар» деген әзіл әнді жариялағаны үшін 17 қаңтарда ұстап әкеткен.