Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
QazNews24 – сатиралық материал жариялайтын парақша. Бұл сатиралық парақшада абсурд жаңалық пен сарказм ақпарат шығады. Парақша 2020 жылы ашылған.
Baribar.kz тілшісі QazNews24 парақшасының негізін қалаған Темірлан Еңсебекпен және фактчекер Жансерік Тілеуханмен сатиралық парақшаның маңызы мен көлеңкелі тұстары туралы сөйлесті.

«Мен үшін елдегі саяси және қоғамдық тақырыптарды әжуалау маңызды»

Темірлан Еңсебек – QazNews24 сатиралық парақшасының негізін қалаушы. 2021 жылғы 15 мамырда Алматы полициясы сатиралық жаңалық жазатын Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, тергеді. Тергеу жүргізуге «Діни басқарма Назарбаевқа құдай статусын беруді ұсынды» деген әзіл жаңалық себеп болған.

Бұл парақшаны ашқандағы мақсатым — билікке наразылық білдіру. Себебі елде жұмыс істеп тұрған демократиялық институттар жоқ. Менің ойымша, біз президенттік билік нық орнаған авторитар мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Осы үшін бұл жобаның мәні зор. Мен үшін елдегі саяси және қоғамдық тақырыптарды әжуалау маңызды, – дейді Темірлан Еңсебек.

Темірлан Еңсебек, QazNews24 парақшасының негізін қалаушы
Темірлан Еңсебек. Полиция бөлімшесінен шыққан сәт. Фото: RSF in English

2021 жылғы 20 мамырда Халықаралық Human Rights Watch және «Шекарасыз тілшілер» ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті қудалауды тоқтатып, «сөз бостандығына құрметпен қарауға» шақырды. Темірлан Еңсебекке қатысты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс 2022 жылғы 15 қыркүйекте тоқтады.

Әрине, олар мені (түрмеге – ред.) отырғызады деп уайымдадым. Біздің елде мүлдем кінәсіз адамды қамай салуға болады. Сондықтан қорқыныш болды. Сонымен қатар мені қамауға алу туралы бұйрық жоғарыдан келді және маған қарсы әкімшілік ресурс қолданылды. Олар үш жылға отырғызуға тырысты. Бірақ мені көптеген құқық қорғау ұйымдары қорғады, – дейді ол.

Сатира және фейк

QazNews24 парақшасында «Қазақстан Қырғызстаннан қалып қалмау үшін TikTok желісіне тыйым салады», «Қазақстанға 20 мың өзен шабуыл жасады – Тоқаевтың халыққа мәлімдемесі», «Нұртас Адамбай ЛГБТ насихатына байланысты Эгей теңізінің атын өзгертуді сұрады» деген сияқты сатиралық жаңалықтар жарияланады. Фактчекер Жансерік Тілеухан жауапкершілік сатиралық парақшаға ғана емес, сатиралық жаңалықты оқитын оқырманға да жүктелетінін айтты.

Қазақстандағы медианарықты қарасақ, сатиралық парақшалардың таратқан ақпараты көптеген фейк тарауына түрткі болып жатыр. Бірақ бұл жерде жауапкершілік мәселесі қаралуы керек. Өйткені сатиралық парақшалар бәрін түсіндіріп, тәптіштеп жазып жатыр. «Бұл ақпаратқа сенбеңіздер» деп жаңалықтың салмағы жоқ екенін жариялап жатыр. Сатира – қазақ журналистикасында бар жанр. Бұл жерде жауапкершілік сатиралық жаңалықтарды оқып, қабылдап, тарататын адамға жүктеледі, – дейді ол.

The Washington Post/QazNews24 скрині
The Washington Post/QazNews24 скрині

The Washington Post басылымында Қуандық Бишімбаев ісі мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы материал жарияланды. Осы материалда экс-министрдің анасы Альмира Нұрлыбекованың Қазақстан ата-аналар одағы табыстайтын «Жыл анасы» сыйлығының иегері болғаны жазылған. Шын мәнінде, бұл QazNews24 парақшасының сатиралық жаңалығы еді. The Washington Post басылымы Альмира Нұрлыбекова мен ата-аналар одағы туралы сөйлемді алып тастады.

Фейк таратамын деп қорықпаймын. Жаңалық жариялағанда әрқашан жаңалықтың сатиралық сипатта екенін ескертемін. Біздің сатиралық жаңалықтарымызды өзге басылымдар жариялайды. Ол басылымдар оқырмандарына жаңалықтың сатиралық сипатта екенін ескертпейді. Біздің тараптан ескерту жеткілікті деңгейде жазылады. Дисклеймерді көбейтудің қажеті жоқ деп ойлаймын, – дейді Темірлан Еңсебек.

Сатиралық парақшалар контент өндіргенде нені ескеруі керек?

Фактчекер Жансерік Тілеухан сатиралық парақшалар контент өндіргенде нені ескеруі керек екеніне, қандай нормаларды сақтау қажет екеніне тоқталды.

Негізі ең басты норма – сатира екенін көрсету. Елдегі сатиралық парақшалардан байқағаным – сатира екенін ақпараттың соңында көрсетеді. Көп адам ақпаратты соңына дейін оқымайды. Негізгі беттегі ақпаратты оқып, таратып жіберетіндер де бар. Менің ойымша, сатиралық жаңалық жарияланса, басты бетіне белгі қойылуы керек. Адам сатира екеніне көзі жетіп қана ақпаратты оқуы керек, – дейді ол.

Жансерік Тілеухан, фактчекер
Жансерік Тілеухан, фактчекер. Фото: Internewskz

Жансерік Тілеуханның сөзіне қарағанда, сатиралық контент адамның жеке басына қатысты емес, істеген ісіне қатысты болуы керек.

Сатира өшпенділік тілін тудырмауы қажет. Мысалы, қазақ пен орыс арасында кикілжің болса орыс ұлтын жаман қылып көрсететін сатиралық жаңалық жазу дұрыс емес. Демек, сатиралық парақша болса да өзінің этикалық принциптері болуы керек. «Ұлт, нәсіл, дін, жыныс туралы жазбаймыз», «жеке басқа тиіспейміз» деген сияқты нормалар да болуы керек, – дейді фактчекер.

Жансерік Тілеухан журналист, фактчекер болып жұмыс істейтін Factcheck.kz сайтында «Сатира» деген үкім бар.

Біздің «Сатира» деген үкіміміз бар. Ол үкім қайдан шықты? Қазақстанда 2017-2018 жылдары «Панорама» деген сайт пайда болды. Осы сайт сатиралық ақпарат таратты. Бұл сайт Қазақстанда тіркелмеген, IP-адресі АҚШ-та тіркелген. Негізінен Орта Азия жайлы, Орта Азия президенттері жайлы сатиралық жаңалық салып тұрды. Сайттағы жаңалықтарды көп адам таратты, медиалар сайттағы сатиралық жаңалықтарды шын ақпарат сияқты жазды. Осылай, «Сатира» деген үкім пайда болды, – дейді ол.

Билік сатиралық жаңалықтан не үшін  қорқады?

QazNews24 парақшасы жақында ғана бұғатталып, ашылды. Темірлан Еңсебек парақша бұғатталған сәтте «аккаунтты жоғалтып аламын» деп алаңдаған.

Билік немесе теріс ниетті адамдар парақшаны бұғаттауға тырысты. Бұғаттауға тырысып жатқанын түсіну жағымсыз сезім сыйлады. Шабуылдан кейін Meta аккаунтты бұғаттап тастады. Парақшаны жоғалтып аламын деп қорықтым, бірақ басқа журналистердің тәжірибесі біржола бұғатталған аккаунтты да қалпына келтіруге болатынын көрсетті, – дейді ол.

Жансерік Тілеуханның айтуынша, билік те, халық та сатираны түсіне алмай жатыр.

Шетел жаңалықтарынан адамдарды сатиралық жаңалық үшін жазаға тартып жатқанын көрмейміз. Тіпті Дональд Трампты қуыршақпен әжуалап жатады. Біз билік болып та, халық болып та сатираны түсіне алмай жатқан сияқтымыз, – дейді фактчекер.

Ал Темірлан Еңсебектің сөзіне қарағанда, билік әзіл-қалжың объектісі болудан қорқады.

Менің ойымша, билік мазақ болудан, әзіл-қалжың объектісі болудан қорқады. Өйткені біз олардың нашар жұмысына баса назар аударамыз. Біздің сатиралық жаңалықтарымыз шындық сияқты оқылады, себебі Қазақстан — абсурдқа толы ел. Сатира – әдеби, журналистік құрал. Ол болуы керек, қолданылуы керек, билікке әсер етуі керек, – дейді ол.

QazNews24 парақшасының басты бетінде «Барлық атау мен оқиғалар ойдан шығарылған. Көзі тірі немесе қайтыс болған адамдармен кез келген сәйкестік –  абсолют кездейсоқтық» деп жазылған.