Басты бетЖаңалықтарОралда «Адал қоғам» республикалық байқауы өтті

Оралда «Адал қоғам» республикалық байқауы өтті

Оралда «Заң және тәртіп» қағидатын жан-жақты нығайту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттау мақсатында TikTok платформасында «Адал қоғам» республикалық байқауы өтті.

Аталған байқау Орал қаласы ішкі саясат бөлімі Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесіп мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Байқаудың басты мақсаты — азаматтық белсенділікті арттыру, жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Байқауға қатысу үшін өтінімдер TikTok платформасында 2025 жылғы 14 ақпан мен 14 наурыз күндері аралығында қабылданды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам қатысушы бейнеролик жолдап, олардың арасынан байқау комиссиясы 30 тақырыптық бейнероликті іріктеп алды.

Фото: Антикор

Комиссия мүшелері шығармашылық, мазмұн, тақырыпқа сай келу және көркемдік талаптар бойынша үздік жұмыстарды сараптап, жеңімпаз үш бейнероликті анықтады.

Жеңімпаздар тұрмыстық техника алуға арналған сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар байқауға белсене қатысқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды.

Байқау жастардың әлеуметтік желідегі белсенділігін пайдалы арнаға бағыттап, қоғамда адалдық пен парасаттылықты дәріптеудің тиімді құралына айналды.