Семейде мектеп оқушысын соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-анасына қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы облыстық сот хабарлап отыр.
Істі Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот оларды балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танып, әкімшілік жаза тағайындады.
Сот қаулысымен бір жасөспірімнің әкесі бес тәулікке қамауға алынды. Төрт ата-анаға 78 640 теңгеден айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Семейде арнайы комиссия осы оқиғаға байланысты шешім шығарды. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына 24 миллион теңге жинап берген еді.