Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылында 2 500 адам тұрады, ал жергілікті мектепте 302 оқушы оқиды. Мектеп 1969 жылы салынған, содан бері күрделі жөнделмеген. Бұл — Қызылжар Абай орта мектебі. Мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында 2019 жылы ғана толық жөнделген. Материалда ауылдағы мектеп қалай жаңарғанын және жөнделген ғимарат мұғалімдер мен балаларға қалай әсер еткенін баяндаймыз.
Еліміздің білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы 2023 жылғы ұлттық баяндама бойынша, қаладағы және ауылдағы мектептердің инфрақұрылыммен қамтылуында айтарлықтай алшақтық байқалады. Мысалы, ауылды жерлердегі 5 271 мектептің 3 397-сі (64%-і) ғана жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен жабдықталған. Ал қаладағы мектептерде бұл көрсеткіш 71%-ке тең. Ауылдағы мектепке дейінгі ұйымдардың да жағдайы мәз емес: 2023 жылға қарай қалалық мекемелермен салыстырғанда, орталықтандырылған канализациясы жоқ мекеме саны 3,5 есе, жеке жылуы бар мекеме 3 есе, ыстық суы жоқ балабақша саны 18 есе, ал сумен қамтылмаған мекеме саны 10 есе артқан.
Ауыл мектебін жаңартқанда қандай қиындық кездескен?
Қызылжар Абай орта мектебі 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 10 жылға Bilim Foundation корпоративтік қорының басқаруына берілген. Сол кезде оқу ғимараты толық жөнделген. Мектеп қордың басқаруына өтеді дегенде әуелде мұғалімдер жұмыс орны қысқарады деп қауіптеніпті. Алайда ешкім орнынан қуылмаған. Керісінше қазір мектеп жоғары академиялық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
- Қызылжар Абай орта мектебі қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Қызылжар Абай орта мектебі қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Қызылжар Абай орта мектебі бұрын. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
Бұл туралы қор басшысы Ерлан Айтмұхамбет, «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік Ұзақбайұлы және мектеп директоры Алмагүл Ермағанбетова баяндап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауларының бірінде қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру маңызды деген еді. Оның ішінде мектептерді жаңартуды тек мемлекеттік қаржыландыру есебінен емес, жеке инвестицияларды тарту арқылы да жүзеге асыру керек екеніне де тоқталған. Осылай, біз шалғайда орналасқан өңірлік мектептер де қалалық оқу орындарымен бәсекелесе алатынын көрсетуді мақсат етіп, «Ауыл мектептерін жаңарту және білім сапасын арттыру» жобасын бастадық, — дейді қор басшысы Ерлан Айтмұхамбет.
Оның айтуынша, ауылдағы тұрғындар жобаға сенбеген, келешегі қалай болатынын түсінбеген.
«Мысалы, өмір бойы бір мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп келдіңіз делік. Ал енді сізге «жекеменшік ұйымға ауысасың, мектеп жеке басқаруға өтеді» дейді. Мұны қабылдау оңай емес екені сөзсіз. Кез келген жаңа нәрсе қорқыныш тудыратыны анық, әсіресе қалыптасып қалған ұжымға қиын», — дейді ол.
Сөйтіп, жобаға халық қарсы болған. Дегенмен ақыры соңында мұғалімдер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жасауға келісім берген. Өйткені келісімшартта ешкім жұмыссыз қалмайтыны және жалақы өзгермейтіні көрсетілген.
Мектеп директоры ретінде мынаны айта кетейін: қазіргі таңда мектепте 52 мұғалім істейді, олардың ішінде 8 педагог-зерттеуші (15,4%), 10 педагог-эксперт (19,2%), 14 педагог-модератор (27%) бар. Демек, ұстаздардың жартысынан көбі – жаңа көзқарастағы мұғалімдер. Олар үнемі білік арттыру курстарынан өтіп, инновациялық әдістер мен цифрлық технологияларды меңгеруге барын салады. Сондықтан мектепті жаңарту жобасы ғимарат пен оқыту жағдайын ғана емес, мұғалімдердің кәсіби деңгейін де қамтыды, — дейді Алмагүл Ермағанбетова.
Мектепті жөндеуді уақтылы аяқтау және бір мәселе болған. Өйткені құрылысты қысқа мерзімде бітіру керек еді, алайда мердігелердің жұмысы нашар болып шыққан. Ақыры соңы мердігерлермен соттасуға тура келіпті.
Материалдар жеткізілген соң, мұғалімдерді қайта даярлауға кірістік. Олардың кейбірі үшін жаңа өзгерістерді қабылдау қиынға соқты, сондықтан біз курстарды ауылда өткіздік. Айтайын дегенім, жөндеу жұмыстары мен мұғалімдерді қайта даярлау қатар жүрді, — дейді «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік Ұзақбайұлы.
Небәрі төрт ай ішінде оқу ғимараты толық жаңарған: жаңа шатыр орнатылған, барлық терезе, еден мен кейбір кабинеттегі қабырғалар ауыстырылған. Барлық ішкі коммуникация – жылыту жүйесі, су құбыры, кәріз жүйесі толықтай жаңарған. Асхана жабдықтары түгел жаңарып, оқушыларға ыстық тамақ беріле бастаған. Мектепке компьютерлар мен интерактив панельдер қойылып, жылдамдығы жоғары интернет қосылған.
- Қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Бұрын. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
Осылай, барлық қиындыққа қарамастан, 2020 жылғы қазан айында мектеп қайта ашылған.
Қызылжар Абай мектебі қалай өзгерді?
Бұрын балалар сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр болатын. Аязды күні, қар немесе жаңбыр жауып тұрғанда, балалар сыртқа жүгіргенін елестетіп көріңіз. Қазір дәретханалар мектеп ішінде орналасқан. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы дәретхана да бар. Мектеп осындай базалық жағдайлардан басталады. Ал бұлай болмаса, білім беру процесі де зардап шегеді, — дейді Алмагүл Ермағанбетова.
Мектепте бұрын химия сабағында зертхана мен қажет реактивтер болмайтын. Қазір олардың бәрі бар, тіпті кейбір қаладағы мектептерден жақсы деуге болады.
«Біз қазір мұғалімдер үшін тартымды мектепке айналдық. Енді мұғалімдерді білігі мен жұмыс істеуге деген құлшынысына қарай таңдаймыз», — дейді мектеп директоры.
Қазір мектепте балалардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туды. Тіпті робототехника үйірмесі ашылған. Мектеп басшылығы жыл сайын жаңарып отыратын бөлшектерді алдырады. Оқушылар тек бюджеттен қаржыланатын емес, ақылы байқауларға да қатыса алатын болған.
Мектепті жаңарту балаларға қалай әсер етті?
Балалардың мәдениеті айтарлықтай жақсарды – бұрын олар бір-бірімен дөрекі сөйлесіп, балағат сөздерді көп айтатын, жалпы психологиялық ахуал қиын еді. Мектеп жаңарып, мұғалімдер жаңа әдістермен жұмыс істей бастағанда, оң өзгеріс байқадық. Бастысы, балалар дұрыс сөйлесу мәнерін үйренді, бір-біріне және мұғалімдерге құрметпен қарай бастады. Қарапайым мысал мынадай: асханаға кіргенде «Ас болсын» деп айтады. Мектеп өмірі осындай ұсақ-түйек нәрседен құралады, — дейді директор.
Бір қызығы, ата-аналар бастапқыда баласын мектептен шығарып тастай ма деп алаңдаған. Өйткені мектепте тек үздік оқитын оқушылар білім алып, басқалары жүйеден тыс қалады деп қорыққан. Олай болған жоқ. Қазір Қызылжар Абай орта мектебіне жақын маңдағы ауылдардан, тіпті Петропавл қаласынан балалар барып оқиды.
Мектебімізде өзін-өзі басқару парламенті жұмыс істейді, мектеп президентін сайлау жүйесі бар – оқушылар өкілдерін өздері таңдайды. Волонтерлардың қозғалысы, пікірсайыс клубы, түрлі үйірме бар – бәрі балалардың қалауы бойынша ұйымдастырылған, — дейді Алмагүл Ермағанбетова.
Қазақстанның басқа өңірлеріндегі мектептердің халі қандай?
Берік Ұзақбайұлы Солтүстік Қазақстан облысындағы 80 мектепті, Ақмола облысындағы 60 мектепті, Абай облысындағы 15 мектепті, Батыс Қазақстан облысындағы 20 мектепті және Атырау облысындағы 12 мектепті аралап, танысып шыққан. Оның айтуынша, бұл мектептің бәрін жаңарту қажет.
«Алайда мәселе мынада – көбі шатырды жөндеп, терезелерді ауыстырғанды күрделі жөндеу деп есептейді. Өкініштісі, мемлекеттік қаражат ауыл мектептерінің бәрін жөндеуге жетпейді. Қаражат бөлінген күннің өзінде жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау қажет, мәслихаттар мен басқармалар қажет ақпаратты уақтылы бермейді. Содан есептер ескіріп, уақыт созылып, мектептер жөнделмей қала береді. Айтпағым, мемлекет бөлген қаржы мектепке жеткенше жылдар кетеді. Сондықтан ауыл мектептері үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматы ең қолайлы шешім деп ойлаймын», — дейді ол.
Оқушыларға ең қажет, қарапайым ғана жағдай жасалмаған мектепте кім жұмыс істеуі мүмкін? Әдетте онда сол өңірде тұратын адамдар істейді. Ауылда мұғалімдер жетіспейтінін ескерсек, бір мектепте математик химияны да, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі биологияны да оқыта береді.
Иә, мұғалімдер қайта даярлаудан өтеді, курстар оқиды, бірақ бәрібір пәнді терең білмейді, тек бейімделуге мәжбүр. Мұның зияны бірінші кезекте балаларға тиеді, себебі олар лайық білім ала алмайды. Сондықтан ауыл мектептеріне білікті мұғалімдер, жақсы материалдық-техникалық база жетіспейді.
Интернет қазір барлық жерге жеткен дегенімізбен, оның сапасы сұрақ тудырады. Мысалы, біз жаңартқан мектепте бұрын интернет жылдамдығы 8 Мбит/с болған, бұл мүлдем жеткіліксіз, — дейді Ерлан Айтмұхамбет.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жаңарған тағы қандай мектептер бар?
Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін екі мектеп бар. Екеуі де Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан – бірі осы мектеп, екіншісі Бескөл мектеп-колледжі. Оқу ғимараты аудан орталығы Бескөлде орналасқан. Онда 1 000 бала білім алады.
- Қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Бұрын. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
Мысалы, біздің мектептегі ҰБТ-ның орташа балы 67,1-ден 106,3-ке дейін көтерілді – бұл Қызылжар ауданы бойынша ең жоғарғы нәтиже. Оқушылар пәндік олимпиадаларда жеңіске жетіп, беделді оқу орындарына түсіп жатыр. Ауылымызда аз қамтылған және қиын жағдайға тап болған отбасылар көп, ерекше білім беруді қажет ететін балалар да бар. Біз бұл балалармен жұмыс істеп, ұжымды дамытып, академиялық адалдықты сақтауға баса назар аударамыз, — дейді Берік Ұзақбайұлы.
Оның айтуынша, бастысы қаражат көлемі емес, балалардың нәтижесі.
- Қазір. Фотоны Bilim Foundation ұсынды
- Бұрын. Фотоны Bilim Foundation ұсынды