Байболат Сейдахан — математика пәнінің мұғалімі. Ол Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында орналасқан Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатында істейді. Өзі де — осы мектептің түлегі. Байболат әлеуметтік желіде оқушыларына логикалық сұрақ қойып, оны желі қолданушылары жабылып шешетін видеоларымен танылған. Мұғалімнің айтуынша, логикалық сұрақ бәріне ортақ. Оны шешу үшін математик болу міндетті емес. Байболаттан әлеуметтік желі арқылы математика үйрету жайлы және қазіргі оқушылардың оқуға ынтасы туралы сұрап, білдік.
Әуелі оқырманға Байболат жасыратын логикалық сұрақтарды қойып көрейік. Сұрақтардың жауабын материалдың соңына жаздық.
- Есік ашу үшін не керек?
- Сатып алғанда қара, қолданғанда қызыл, тастағанда сұр. Ол не?
- Жерден көтеру оңай, лақтыру қиын, ол не?
- Түнде де жүреді, күндіз де жүреді, бірақ ешқайда кетпейді. Ол не?
- 1500 саны қай кезде 100-ден кем?
- Адам оны қосуға жағдай жасайды, ол қосылғанда бірден өшіруге тырысады. Бұл не?
«Логикалық сұрақ бәріне ортақ, бәріне қызық»
Математика деген қосу-алу немесе көбейту-бөлу ғана емес, бұл салаға логика, ойлау жүйесін дамыту және тапсырмаға өзге қырынан үңіле алу да жатады. Мұна математик Байболат Сейдахан әлжелідегі видеоларымен дәлелдеп жүр. Оның логикалық сұрақтар қойып, жауабын оқушыларға таптыратын видеолары және математика арқасында әлем жеткен жетістіктер туралы роликтері 2,5-3 миллион рет қаралып жүр. Мұғалім бұл видеоларды әуел баста TikTok компаниясы мен еліміздің оқу-ағарту министрлігі бірге ұйымдастыратын #ҚазақстанМұғалімдері байқауы үшін түсіре бастаған.

#ҚазақстанМұғалімдері байқауына биыл екінші рет қатысып, жеңімпаз болдым. TikTok-қа математикаға қатысты видео жүктеу дегенді былтыр бастағам. Ол кезде бір есепті Қазақстанда қалай шығаратынын, тура соны Қытайда, АҚШ-та және сол сияқты елдердегі шығару жолын көрсететін едім. Ондай видеолар жақсы өткенімен, байқауда жеңу үшін аздық етті. Сөйтіп биыл логикалық сұрақтар қоя бастадым. Оның себебі мынадай: осы байқауға бір-екі жыл бұрын қатысқан мұғалім бір ғана логикалық сұрақ қойып, сол видеосы өте көп қаралып, байқауды жеңіп кеткен еді. Сұрақтарды сабақта оқушыларымнан сұрап отырамын да, камера қосып қоям. Видеоларым 3 миллион рет қарала бастады, — дейді мұғалім.
Байболаттың айтуынша, математиканың деңгейі көп: оқушылар түсінетін, математика пәні мұғалімі түсінетін, ғалымдар түсінетін математика деп кете береді. Алайда логикалық сұрақ бәріне ортақ, бәріне қызық.
Кейде адамдар «логикалық сұрақтар қоймай кеттіңіз ғой» деп жекеме жазып жібереді. Ата-әжелер немересіне, басқа әріптестерім оқушыларына қояды екен. Негізгі оқырмандарым мұғалімдер сияқты. Менің видеомнан алған сұрақтарды қолданғанына қарсы емеспін. Өйткені логикалық сұрақтардың авторы мен емес қой, мен де оларды түрлі дереккөзден іздеп табам, — дейді ол.
Оқушыларға логикалық сұрақтар не үшін керек?
Мұғалімнің айтуынша, мұндай сұрақтардың бір жақсы жері сабақ бастауға баланы жақсы дайындайды.
Таңертең сабаққа келген оқушы ә дегенде сабаққа ынтасы оянып кетпейді. Біреуінің ұйқысы қанбаған, енді біреуі басқа нәрсе ойлап отырады дегендей. Сондай кезде логикалық сұрақтарды қойып-қойып, балаларың назарын сабаққа аударып аламын. Сабаққа назары ауған бала әрі қарай есепті бастап кетеді, — дейді ол.
Байболаттың айтуынша, математиканы логикалық сұрақтармен бастағанның арқасында сол сабақ нәтижелі болады. Оқушылар, тіпті, 2-тоқсандағы сабақ жоспарын 20 күн ерте бітіріп қойған. Жоспарланған есеп те таусылған, БЖБ (бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау), ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) да тапсырылып біткен. Содан кейін балаларға қосымша тапсырмалар берілетін болған.
Ой қозғайтын сұрақтарды әр жерден іздеймін. Оқушыларым әбден үйреніп алды, сабақ сайын «ағай, логикалық сұрақтар қойыңызшы» деп отырады. Алайда ондай сұрақтар қайта-қайта қайдан шыға берсін (күліп) ?! Мұндай сұрақтарды мектеп, университет кезінен естігенімді жазып қоям. Келіншегім де — математика пәнінің мұғалімі. Ол да көмектеседі. Интернеттен қазақша, орысша жазып іздейміз. Алдағы уақытта логиалық сұрақтар тізімін жасап, кітапша қылып шығарғым келеді. Елімізде мұндай кітапша жоқ сияқты. Дегенмен ондай сұрақтар да көп емес.
Математик видеоларында логикалық сұрақ қойып қана қоймай, осы саладағы күрделі тақырыптарды оңай тілмен түсіндіреді. Соның бірі — математиканың арқасында Екінші дүниежүзілік соғыс екі жыл бұрын аяқталғаны туралы ролик.
Ең күрделі тақырыптардың бірі математиканың тарихтағы рөлі дер едім. Математик Алан Тюриңнің арқасында Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан екі жыл бұрын біткен. Мұны студент кезден білетін едім. Университетте оқып жүргенде Тюриңнің машинасы мен оның тарихтағы ықпалы туралы егжей-тегжей зерттедік. Сол білгенімді қысқа видеоға сыйғызу үшін 20 күн әурелендім. Ролик түсіру үшін барлық ақпаратты жинап, оны бөліктерге бөлдік те, әр бөлікті қалай түсіретінімізді ойластырдық, — дейді Байболат.
Мұғалімнің айтуынша, бұл ролик көрерменге математика есептеу құралы ғана емес, әлемді өзгерте алатын күш екенін көрсеткен.
Байболат қалай мұғалім болды?
Байболат Қазығұрт ауданында туып-өскен. Әуелде 7-класқа дейін ауылдағы мектепте оқып, кейін №5 мектеп-интернатқа түсіпті. Мектепті алтын белгімен бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-да ғылыми математика мамандығы бойынша білім алған.
Біздің буын математиканы өте жақсы оқыды. Қазір бітірген мамандығы басқа болса да, оқу орталығында математикадан сабақ беріп жүрген кластастарым бар. Мен де бұл пәнді жақсы оқыдым. Әке-шешем мұғалім болғанымды қалады. Алайда мен дәл мұғалім болам деп ойламадым. Математиканы жақсы көргеннен ғылыми математикаға түсіп кеттім. Бұл мамандықты бітірген адам мектепте мұғалім, жоғары оқу орнында оқытушы бола алады. Банкте де, ғылыми орталықтарда да істеуге мүмкіндік бар, — дейді ол.
Байболат университет оқып жүріп 2-курсынан-ақ оқу орталықтарында сабақ бере бастайды. Сөйтіп, оқу бітіргенде дап-дайын мұғалім болып шыға келеді. Байболат бірінші Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебіне (НЗМ) жұмысқа тұрады.
Назарбаев мектебінің оқыту базасы мықты. Қай класқа келсең де, база алдыңдағы компьютерде дайын тұрады. Дегенмен НЗМ-да карьера сатысымен көтерілуге уақыт керек. Магистратура бітіріп барсаң да, қызметті әдіскер болып бастайсың. Мысалы, басқа мектептерде бірден мұғалім болып орналасасың, магистратура бітірсең, айлығыңа қосымша ақы қосылады.
Сөйтіп жүргенде 2024 жылғы қазан айында өзі бітірген мектептің директоры жұмысқа шақырады. Сонда Байболат ойланбастан ауылына оралыпты. Қазір кезінде өзі отырған партадағы балаларға математика үйретіп жүр.
Біздің мектебіміз таудың жанында, ауылда орналасқан. Мұнда мұғалімдердің жағдайы жасалған. Бізге арнап мемлекет 17 коттедж салған, сонда тегін тұрамыз. Мектеп қасымызда. Тек жұмысқа барып келеміз, артық шығын жоқ. Ал қалада істегенде пәтерге, ары-бері жүруге жалақың түгел кетіп қалуы мүмкін, — дейді Байболат.
Қазіргі буынның сабаққа ынтасы қандай?
Байболат мектепте 9-кластарға сабақ береді, 11-класс оқушыларын ҰБТ-ға дайындайды және 7-класс оқушыларын олимпиадаға әзірлейді. Бір айта кетерлігі, №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты ҰБТ-дан алғашқы 140 балл алған оқушы шыққан оқу ордасы екен. Жұрт аузында бұл мектеп «Дарын» мектебі деп аталады.
Біздің кезімізде мұғалімдер оқулықты бітіріп, бізге қайдан есеп тауып береміз дейді екен. Сөйтіп, есеп іздеп кететінбіз деп отырады. Қазіргі оқушыларды ондай деп айта алмаймын. Қазір баланы алаңдататын нәрсе көп, ойы бір жерде емес. Дегенмен біздің «Дарында» оқушылардың қаймақтары жиылған, олар сабақты өзі үшін оқиды. Мысалы, жалпы орта мектептерде алдыңғы партадағы үш-төрт бала оқып, кейінгі партадағылар сабаққа қатыспауы мүмкін. Біздің мектепте бір класта 20-25 оқушы бар. Математика, физика сияқты пәндерді екіге бөліп оқытады. Сонда менің алдымда 12-13 оқушы ғана отырады да, олардың бәріне есеп үйретіп үлгеремін, — дейді мұғалім.
Бұл мектеп-интернаттың жаңа ғимаратқа көшкеніне 10 жыл болған. Сол кезде проектор, компьютер сияқты жабдықтармен бір қамтылған екен. Қазір де мұғалімдер сол құрылғылармен жұмыс істейді. Интерактив тақта әзірше жоқ. Оның үстіне ауылда интернет желісі де нашар.
Қазір жасанды интеллектімен сабақ өту деген тәсілдер шықты. Дегенмен Түркістан облысындағы мектептерге ондай инновациялар енді ғана еніп жатыр. Алайда мектебіміздің оқушылары мықты. Ауданда, облыста, республкада өтетін жарыстардан ылғи жүлделі орын алып келеді. Бір түйгенім, қандай тәсіл болса да біздің мақсатымыз — оқушыға ақпаратты ол түсінетіндей жеткізу. Жеткізе алмай кетсек қана түрлі тәсіл қолдануға болады. Түсініп кеткен балаға қосымша әдіс-тәсіл қосып, миын ашытудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Байболаттан қазіргі оқушылар үйге берілген тапсырманың жауабын ChatGPT-ден сұрайтынын, YouTube-тан көріп алатынын айттым. Мұнымен қалай күресуге болатынын сұрадым.
Біздің мектепте балалар бір апта телефон ұстамайды. НЗМ-дағы балалардың қолында телефон жүретінін көріп, «Дарынға» келгенде оқушылардан былай сұрадым: «Қолға телефон берсе, қазіргідей жақсы оқи аласыңдар ма?» Балалар расымен ойланып қалды. Содан кейін негізі қолында смартфон тұрса, оның сабаққа пайдасы шамалы болатынын айтты, — дейді мұғалім.
***
Жоғарыда қойылған логикалық сұрақтардың жауабы мынадай:
- Есік ашу үшін не керек? — Есік жабық тұруы керек.
- Сатып алғанда қара, қолданғанда қызыл, тастағанда сұр. Ол не? — Көмір.
- Жерден көтеру оңай, лақтыру қиын. Ол не? — Мақта және шар.
- Түнде де жүреді, күндіз де жүреді, бірақ ешқайда кетпейді. Ол не? — Сағат.
- 1500 саны қай кезде 100-ден кем? — -1500<-100 және б.з.д. 1500<б.з.д. 100.
- Адам оны қосуға жағдай жасайды, ол қосылғанда бірден өшіруге тырысады. Ол не? — Оятқыш.