Басты бетЖаңалықтарБиыл мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды

Биыл мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды

2025 жылы 1 070 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 149 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (51,9%) – Қытай Халық Республикасынан, 37,5% – Өзбекстаннан, 7,1% – Түрікменстаннан, 1,8% – Ресейден және 1,7% басқа елдерден келген.

2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%, кәмелетке толмағандар 32,9% және зейнеткерлер 6,8% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-і жоғары білімді, 32,9%-і орта кәсіби білімді, 48,4%-і жалпы орта білімді және 1,9%-інің білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін мынадай еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адам болды. Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 171 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімдігін арттыру мақсатында азаматтар мен қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да