Астанада «Қазақстандағы қалалық мобильдікті дамыту» форумында микромобильді көлікті реттеуге арналған панельдік сессия өтті.
Сарапшылар құқықтық нормалар, қауіпсіз инфрақұрылым құру және микромобильді көлікті қалалық көлік жүйесіне енгізу мәселелерін талқылады.
Sergek Group бас директоры Евгений Ким халықаралық тәжірибені қолдана отырып, жол қауіпсіздігін арттырудың маңызын айтты.
Оның айтуынша, жүргізушілерді тек айыппұл арқылы емес, марапаттау жүйесі арқылы да ынталандыру қажет.
Германияда апатқа түспеген жүргізушілерге сақтандыру жарналарына жеңілдіктер беріледі: неғұрлым ұзақ уақыт жол-көлік оқиғасына түспеген жүргізуші болса, соғұрлым оның сақтандыру төлемдері төмендейді. Сингапурда жол ережесін сақтаған жүргізушілерге жеңілдіктер қарастырылған. Егер жүргізуші белгілі бір уақыт ішінде ереже бұзбаса, оған сақтандыру полисіне жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар беріледі. Канадада сақтандыру компаниялары қауіпсіз жүргізуді ынталандыратын бағдарламаларды ұсынады. Арнайы телеметриялық құрылғылар немесе мобайл қолданбалар арқылы жүргізушінің стилі бақыланып, қауіпсіз жүргізген азаматтарға 25%-ке дейін жеңілдік беріледі. Австралияда да осындай бағдарламалар енгізілген. Мұндай бастамалар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтады, – деді Евгений Ким.