Ұлытау өңірінде жаңа мектеп салу үшін қайтарылған активтерден 1,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Нақтырақ айтқанда, бұл нысан 80 оқушыға есептелген және аймақтағы Қаражал қаласында салынады.
Бүгінде шағын ауданда тұратын балалардың басым бөлігі қаланың басқа аудандарындағы мектептерде білім алып жатыр. Олар екі ауысымда автобуспен тасымалданады. Жаңа білім ошағының құрылысы балаларды заман талабына сай оқытуға қолайлы жағдай жасап, білім алуға қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік береді.
Қаражал қаласында 1,7 мың бала мектепте оқитын болса, соның 200-ге жуығы «Теміржол» ықшам ауданында тұрады. Олар қаладағы жалпы білім беретін үш мектепке қатынап білім алып жатыр. Әрине, балаларды оқыту үшін автобус тасымалын ұйымдастырамыз. Бірақ дегенмен де оқушылар үшін қалаға келіп, кету қиын, — деді Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаев.
Басшының айтуынша, «Теміржол» ықшам ауданында жаңа мектеп салынса, ескі мектеп ғимаратынан балабақша ашуды жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда үкімет арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 56,6 миллиард теңге бөлді. Олардың қатарында Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылындағы мектептер, Түркістан облысының Темірлан ауылындағы музыкалық мектеп, Ақмола облысының Зеренді ауылындағы спорт кешені, Риддердегі көпсалалы аурухана кешені, Шымкенттегі жатақхана және Ақтөбе мен Петропавлдағы екі балабақша бар.