Аграрлық сектор мен өңдеуші салада кейінгі 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
2024 жылы экономика 4,8%-ке өсті. Ауыл шаруашылығында 13,7%, құрылыста — 13,1, саудада — 9,1, көлік саласында 8,5% деңгейінде өсімге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ке ұлғайды. Аграрлық сектор мен өңдеуші салада кейінгі 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, мұнай өндіру көлемі 2 миллион 400 мың тоннаға төмендеп, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді.
Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ аясындағы міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды, — деді үкімет басшысы.