Бағдарлама аясында көшіп баратын отбасыларға бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Әрбір отбасы бір жылға дейін тегін баспана алады. Бір реттік көмек ретінде отбасының кез келген мүшесіне шамамен 80 мың теңге көлеміндегі субсидия аударылады. Алайда, оны алған әрбір азамат кемінде жарты жыл сол өңірде тұруы тиіс. Егер қайту туралы ойланса, алған жәрдемақыны мемлекетке қайтарып беруі шарт.
Одан өзге бір жылдық коммуналдық қызмет шығынын да мемлекет өз мойнына алыпты.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан депутаттар қоныс аударуға қажетті жол шығынын да өтеп береді.
«Өзімнің тікелей араласуыммен былтыр 50 отбасы қоныс аударды. Барлығына үй алып бердім. Шүкір, бүгінде жағдайлары жақсы. Жұмысқа орналасты, жер алып, шаруашылығын қолға алып жатқандар да бар», — дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, қоныс аударғандардан мал немесе егін шаруашылығымен айналысамын деушілерге мемлекет есебінен жер де беріледі.
Былтыр оңтүстіктен өзге өңірлерге 147 отбасы қоныс аударған. Оның 125-і Солтүстік Қазақстан облысына, қалғаны Қостанай мен Шығыс Қазақстан өңірлерінде тұрып жатыр.