Үй алар кезде қандай мифке сенбеу керек? Ақшаны қалай жинаймыз? Несие тарихы нашар болса, үй алуға бола ма? Baribar.kz бұл сұрақтарды үй алу бойынша кеңесші Мадина Болатханқызынан сұрап, білді.

Үй алатын адам әуелі неден бастауы керек?

Үй алу туралы қандай да бір хабарыңыз болмаса, бірақ табысыңыз тұрақты болса, баспана алуға болады. Мысалы, табысыңыз кемінде 300 мың теңгеден басталса, алғашқы салымсыз-ақ бір бөлмелі пәтер алуға мүмкіндік бар. Ал табысыңыз аз немесе шығын көп болса, әуелі ақша жинау қажет.

Үй сатып алудың негізгі кезеңдері:

  1. Алғашқы салым: үй алу үшін банктен несие алғанда, табысыңызды көрсетіп, ипотека төлей алатыныңызды дәлелдейсіз.
  2. Бағдарламаларды зерттеу: қандай тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспана алатыныңызды анықтап, шарттарын біліңіз.
  3. Ақша жинау: тұрақты табыс бола тұра, алғашқы салымға қаражат жетпесе, қарапайым ғана кеңес беремін — ақша жинаңыз.

Ақша жинау әдебін қалай қалыптастыру керек?

Жалақының кемінде 10%-ін депозитке салып отырыңыз. Балаларыңыз болса, әр балаға жеке депозит ашып қойған жөн. Мысалы:

  • Жалақы 100 000 теңге болса, 10 000 теңгеден жинауға болады.
  • Жалақы 200 000 теңге болса, 20 000 теңгеден жинауға болады.
  • Жалақы 300 000 теңге болса, 30 000 теңгеден жинауға болады.

Табысы көп, ақша жинай алмайтын адамдар да бар. Сондықтан “мен аз табам, маған ақша жинауға болмайды” дегенді ұмытыңыз. Әлі күнге дейін айтатын сөзім бар: өз басым 34 мың теңге жалақы алсам да, үй алуға ақша жинағам. Тіпті күн сайын мың теңгеден салуға болады, әрекеттенген адамға жол өзі ашылады. Жалақысы 100 000 теңге кезінде 10 000 теңге жинай алмаған адам, 500 000 теңге тапса да бұл әдетті қалыптастыра алмайды. Қолыңызға түскен ақшаны  жинауға дағдылану қажет.

Мадина Болтаханқызы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Көп адам «несиемді жабамын, содан кейін жинаймын» деп ойлайды. Бірақ несие төлеумен қатар аз ақшадан жинай бастау маңызды. Мысалы, өзіңізге ауыртпалық түсірмейтін соманы депозитке салып отырыңыз. Бірден баспана сатып алатын адамдар сирек.

  • Автотөлем: Ақша салуды ұмытып кетемін деп ойласаңыз, депозитті картаңызға тіркеп қойыңыз. Сіз көрсеткен күні картаңыздан депозитке ақша алынады. 
  • Баланың атына депозит ашу: Кейбір адамдар ақшаны жаратып қояды немесе қарыз береді. Мұндай жағдайда баланың атына депозит ашсаңыз, ол қаражатты кез келген уақытта ала алмайсыз. Депозитті шешу үшін ата-ананың екіжақты келісімі керек, сол үшін де ата-аналар «баламның депозитін шешпеймін» деген шешімге келеді.

Үйді қалай таңдаған дұрыс? Жаңа үй алған дұрыс па, әлде екінші нарықтан алған дұрыс па?

Үй таңдағанда ең алдымен оның орналасқан жеріне мән береміз. Асүйі тар ескі үйден гөрі, жаңадан салынған үй алған тиімді. “2015-2020 жылдары салынған жаңа үйден қорқам, кеңес кезінде салынған үй дұрыс” деген кезеңнен өтіп кеттік. 

Жер сілкінгені үй сапасын көрсетті. Құлап қалған, қатты қираған үй жоқ. Үй салатын адамдардың жауапкершілігі жоғары. Қазақстандағы үйлердің іргетасы мықты. Үйдің қаңқасы монолиттен салынса, жоғары бағаланады. Қазір кей үйлерді темір аралас монолиттен салады. Монолиттен үй салатын әдет Қазақстанға 2000 жылдан бастап келген. Сондықтан жаңа үй таңдаудан қорықпаңыз.

үй алу, жаңа үй, жаңа пәтер, техпаспорт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Үйіңіз жоқ па? «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, шамаңыз жететін үйді таңдаңыз. Ал таңдау еркі болса, әлбетте жайлы үйде тұрғанға не жетсін! Көлік тұрағы, бейнебақылауы бар әрі айналасы қоршалған үй жақсы.

Екінші нарықтағы үйлердің көбінде көлік тұрағы жоқ, оның үстіне үйді жөндеу керек дегендей. Жаңа үйге де, ескі үйге де бір қаражат кетеді. Кей үйдің шатыры ескірген. Оны жөндегеніңізбен, ортақ құбырды түгел көршіңмен бірге ауыстырасыз. Ескі үйде тұруға болады, бірақ ол — әр адамның жеке таңдауы. Шама жетсе кең, төбесі биік, жарық үйден алған жақсы деп айтатыным содан.

Үй алар кезде қандай мифке сенбеу керек?

  • “Бұрыннан үй салып жүрген компания ғой” деп бәріне көз жұмбаңыз

Алданбас үшін баяғыдан келе жатқан компаниялардан үй алған жақсы, дегенмен “бұрыннан үй салып жүрген компания ғой” деп бәріне  көз жұмып қарауға болмайды. 20 адам үй сатып алса, компанияның талабы жазылған құжатты тек бір адам оқиды. Ақша сіздікі, сондықтан бәріне иелік ететін де — сіз. Алданбас үшін банк ғимаратында орналасқан нотариуспен жұмыс істеген дұрыс. Неге? Банк арқылы алатын болсаңыз бүге-шігесіне дейін тексереді. Бәрі бір заңға бағынады десек те, мәміле көп көрген, тәжірибесі мол нотариуспен келісімшарт жасау керек. 

  • Үй алатын кезде наным-сенімнің бәрін ұмытыңыз

Кей адамдар цифрға сенеді. “Бүгін 23 қаңтар — үй алатын сәтті күні емес” деген сияқты сенімдері бар. Цифрларға байланып,  алайын деп тұрған үйін ала алмай қалған клиенттерді білемін. 

  • “Бұрынғы иесі қандай адам екен?” деп қарамаңыз

Үй алу киім алғанмен бірдей емес. Ол үйде бұған дейін тұрып кеткен адамға, бұрынғы иесі кім екеніне қарамаңыз. Мұндай нәре бағасы аса тиімді үй алуға кедергі болады.

  • Өз несие тарихыңызды басқа біреумен салыстырмаңыз

Үй алған кезде әр адамның несие тарихы да, табыс көзі де жеке қаралады. “Қара тізімдемін, маған үй бермейді” деген ұғым жоқ.

  • Үй бәріне жетеді

Бағдарламалар жыл сайын өзгереді, елімізде үй көп салынып, ақша көп бөлініп жатыр. Соның бәрі осы Қазақстанда үй алатын адамдар үшін жасалып отыр. Сондықтан үй бәріне жетеді. 

Несие тарихы бұзылған адамның үй алуға мүмкіндігі бар ма?

Несие тарихыңызды өшіріп тастай алмайсыз, бірақ жуып-шаюға болады. Мысалы, кейбір банктер алдыңғы төлем мерзімі 90 күннен асып кетсе де, тағы да несие беруге дайын. Несие тарихыңыз бұзылса, құрылыс компаниялары арқылы бөліп төлеу жолдарын қарастыруға болады. Демек, бір есік жабылса, ашылатын басқа есік бар. 

Мадина Болтаханқызы
Мадина Болтаханқызы мен Алмас Борис сұхбат кезінде. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шектелмеңіз, жұбайыңыдың да, ата-анаңыздың да атына үй алуға болады. Өз тәжірибемде несие тарихы нашар болып жүріп, үй алып кеткен адамдар кездескен.

2025 жылы Қазақстанда пәтер құны қымбаттай ма?

Жалпы, үй арзандамайды. Біздегі құрылыс компаниялары  материалдың 70%-ке жуығын шетелден әкеледі. Ал біз доллар бағамына бағынамыз. Сондықтан шетелден доллармен сатып алған материал теңгеге шаққанда тек қымбаттай береді. Жер сілкінсе де, үй арзандаған жоқ. Халық үй ала аламаса да баға төмендемейді, салынып жатқан үй саны ғана азаяды.

Алмас Борис