Қазақстандағы және дүниежүзіндегі инфляция ушығуының себептері қандай?

Инфляцияның ушығуына әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар бар. Қазақстан импортындағы Ресейдің үлесі — 50%-ке жуық. Бұл елдегі қазіргі ахуалдан кейін көп өнім бізге қымбат болып келіп жатыр, бірақ біз Ресейден келетін тауарлардан бас тарта алмаймыз, әлі де сол қарқынмен алдыртып жатырмыз. Ресейден басқа, Түркиядан, Қытайдан, Еуропа елдерінен импорттайтын тауарлар бар. Сол елдерде қымбаттаған заттар бізге де арзан болып келмейді.

Елімізде болып жатқан жағдайлар да инфляцияға әсер етеді. Экономика ғылымында «инфляциялық спираль» дейтін теория бар. Азаматтар инфляция жоғары болады деп күтсе, бұл да бағаның көтерілуіне әсер етеді. Мысалы, ендігі айда қанттың келісі тағы қымбаттайды деп ойлап, екі қабын алып қойдыңыз делік. Осылайша, осы өнімге сұранысты күрт арттырасыз. Осыдан кейін ажиотаж басталады. Базарларда, супермаркеттерде адамдар қантқа таласады. Сұраныс артса, бағасы да өсе береді.

Ұлттық банк анкеталық сауалнама жасап, инфляцияны болжап отырады, бірақ олар мұны өздері емес, тапсырыспен жасатады. Білуімше, ай сайын 1 500-ге жуық экономикалық агенттен телефон арқылы «Сіздің ойыңызша, қазір тұтынып жатқан тауарлар ендігі айда қымбаттай ма», «Жарты жылдан кейін бағалар тұрақты болады дегенге сенесіз бе», кәсіпкерлерден «Сіз өндіріп жатқан тауар жақын арада қымбаттауы мүмкін бе?» деп сұрайды. Жауаптың бәрін есепке алып, ұлттық банкке жолдайды. Ал ұлттық банк талдау жасап, инфлияция өсетіні не төмендейтіні туралы қорытынды шығарады.

Ұлттық банк халықтың сеніміне ие болғысы келіп, болжамдарды халыққа көрсетіп отырады. Дамыған мемлекеттердегі орталық банктердің басты міндеті — халықтың сенімін арттыру. Азаматтар неғұрлым елдің орталық банкіне сенсе, сонда инфляция тербелісі де баяу болады және экономикалық агенттер қаражатты жарату немесе инвестицияға салу жөнінде дұрыс шешімдер қабылдайды, бірақ біздегі ұлттық банк мұндай дәрежеге жете алмай отыр.

Өте сауатты, неше түрлі терминді, ғалымдар мен зерттеулерді мысалға келтіріп сөйлейтіндер бар, бірақ іс жүзінде өз пайдасы мен таныстарының мүддесін ғана қорғайды. Ал айтқанда халықтың мүддесі үшін жасайтындай көрінеді. Ал шындығында шағын топтың ғана мүддесін қорғайды. Біздегі топ-менеджменттегі азаматтар білімді, ақылды, бірақ олардың арасында парасатты, адал адамдар өте аз. Дағдарыстан қалай шығатынын жақсы біледі, бірақ өздеріне тиімсіз болғандықтан бұл саясатты жүзеге асырмайды.

Аякөз Ханетова
Аякөз Ханетова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұлттық қордағы ақшаны жаратпай, неге шетелден қарыз алу тиімді?

Мемлекет ауыл шаруашылығына триллиондап субсидия бөледі, бірақ өмір бойы өз нарығымызға өнім жеткізе алмаймыз. Мемлекет еліміздегі қант тапшылығы басталардан бұрын «қант жеткілікті» деп мәлімдеді. Жақында ғана 90% импортқа тәуелді екенімізді мойындады. Негізі мемлекеттен қызылша өсіруге де ақша бөлінген екен, бірақ бұл соңына дейін жетпей қалған. Айналып келгенде мұның бәрі қымбатшылыққа әкеледі.

Мемлекет осындай дағдарыс кезінде халықтың көтерілуінен қорқып, мемлекеттік бағдарлама арқылы ақша құяды. Бұл ақшаның бәрі ұлттық қордан алынады. Ұлттық қор 2000 жылдан бастап құрылды. Сол жылдары аз-аздан ақша құйыла бастады. 2007 жылдан бастап мұнай қымбатттаған тұста қорға түскен ақша да көбейді.

Үкімет 2009 жылғы дағдарыс кезінде қордан біртіндеп ақша ала бастады. 2010-2012 жылдары қаржы алуды азайттық, 2013-тен бастап қайтадан көбейттік. 2014-2015 жылдардағы девальвация кезінде бәрін ұлттық қордың есебінен жабуға тырыстық. 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізуге деп, түрлі құрылыс жүргізілді. Мұның бәріне қаражат осы қордан алынды.

Негізі ұлттық қордың екі мақсаты бар: біріншісі — келер ұрпаққа мұра. Өйткені бұл елде, бұл жерде тек біз тұрмаймыз, балаларымыз, олардың баласы өмір сүреді. Сол себепті жер қойнауынан алынып жатқан байлықты тек өзіміздің ішіп-жеуімізге емес, келешек ұрпаққа да сақтауымыз керек. Екінші мақсаты — мұнай бағасы толқуларының бюджетке әсер етуінен қорғау, яғни тұрақтандыру.

Ұлттық қордағы қаражат мақсатты түрде жұмсалуға тиіс. «Қордағы ақшаны неге жұмсай бермейміз», «Неліктен сырттан қарыз аламыз?» деген сұрақ тууы мүмкін. Сырттан алған қарыздың тиімді тұсы — оны қайтару үшін талпынамыз. Тауар өндіріп, оны сатып, қарыздан құтылуға тырысасыз. Өзімізге де әке-шешеміз, туыстарымыз «Кәсіп жаса» деп ақша берсе, жауапкершілік болмауы мүмкін. Кәсібіңіз берекелі болмаса, «Әкем не шешем берген ақша ғой» деп қолыңызды сілтей саласыз. Ал басқа біреуден қарыз алсаңыз, «Осы кәсіпті соңына дейін жеткізіп, қарызымнан құтылайын» деп әрекет етесіз. Сол үшін сырттан алған қарыз немесе инвестиция іштен құйылып жатқан ақшаға қарағанда пайдалырақ. Сырттан келетін қарыздың да өз деңгейі бар, бұл кәсіпті, технологияны дамытуға бағытталған қарыз болса, құптарлық. Ал астанадағы LRT сияқты соңына дейін жетпей қалған жобалар болса, бұл тиімсіз. Өйткені сіз қарызды қайтаруыңыз керек, мұны мемлекет төлеуі қажет. Мемлекет — сіз бен біздің салығымыз.

Бюджет тапшылығын жабу үшін жыл басында нақты бір сома белгілегенімізбен, ұлттық қордан үнемі артық жұмсап, «көрпемізге қарай көсіле алмай келеміз». Ұлттық қордағы ақшаны алуды құп көретін, соны үнемі қолдайтын тұлғалар да бар.

Қазақстанда бюджет бойынша дефицит, шығын жыл сайын артып жатыр. Соның кесірінен оны жабатын қаражат та көбейіп жатыр. Мысалы, 2007 жылы бюджеттің 19%-і ұлттық қордан алынған қаражатпен толықтырылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 45% болған. Негізінен бұлай болмауы керек еді.

Ұлттық қорды Норвегияның мұнай қорын негізге ала отырып құрдық. Норвегия қордағы ақшаны мемлекеттің шығындарына жұмсамайды. Ал біз қордағы ақшаның басым бөлігін бюджет тапшылығын жамау үшін қолданып келеміз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Санкция астында қалған Ресейдегі жағдай Қазақстан экономикасына серпіліс бере ала ма?

Қазір елімізде инфляция ушығып, қымбатшылық болып жатыр. Экономикалық жағдайды зерттеп көрмеген азаматтарды «Көрші елдерде болып жатқан соғыс бізге неге сонша әсер етеді?» дейтін сұрақ мазалайды. Өзім де бұрын картоп немесе сәбіз қымбаттаса, сатушылардан «Доллар көтерілді ғой» дейтін жауап еститінмін. «Мұның қандай қатысы бар?» деген қарапайым сұрақ туатын.

Көрші елде болып жатқан жағдай сонау Шри-Ланкаға да әсер етіп жатыр. Онда Ресей мен Украинаның арасындағы соғыстың кесірінен ашаршылық болып жатыр. Еуропа елдері де Ресейге санкция салып қойып, рақатын көріп жатқан жоқ, өздері де қиналып отыр. Өйткені газ, мұнай керек, ал олар мұны Ресей нарығынан алып отыр еді. Мұны жаhанданудың салдары деп айтуымызға болады. Жahанданудың арқасында сауда-саттық нарығымызды кеңейіп, халықаралық қарым-қатынасымыз жақсарып жатыр. Кейбір елдерге емін-еркін кіреміз, 14 күнге, 30 күнге дейін виза алмай-ақ, барып келе беретін болдық. Ал теріс салдары — осы.

Көп ел халықаралық валюта қорының ортақ заңдылықтарына бағынады. Сондықтан бір елде болып жатқан дағдарыс басқа мемлекеттерге де әсер етеді. Қазір Ресей мен Украина арасында болып жатқан соғыстан тек Қазақстан емес, көп мемлекет зардап шегіп отыр. Энергия ресурстарының, мұнайдың қымбаттауы Қазақстанның экономикасына пайда әкеледі. Мұнайдан келген пайданың бәрі ұлттық қорға түседі, кейін республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны төлеуге, медицина, білім саласын дамытуға бөлінеді.

Қазақстан – тек экспортқа бағытталған мемлекет емес, импортқа да тәуелді ел. Біз ішіп-жеп, киіп жатқан, тұрмыста қолданып жатқан заттардың көпшілігін өзіміз өндірмейміз, сырттан алдырамыз. Экспорттан түсетін пайда көбейді,  мұнайды Еуро одаққа кіретін елдерге көп экспорттаймыз, бірақ бұл елдерден дайын өнімдер аламыз. Мұнайды жоғары бағамен сатып, бюджетімізді толықтырып жатқанымызбен, бір жағынан өзімізге өнімдер қымбат боп келеді.

Санкция салдарынан Ресейдегі кейбір компания Қазақстан нарығына біртіндіп келіп жатыр. Бұл экономикаға аз да болса серпін береді, бірақ бұдан ел экономикасы қатты қарқынмен дамып кетеді дегенге сенбеймін. Естуімше, Ресей компаниялары елімізге өз мамандарымен келіп жатыр. Өндірісте білікті аса қажет етпейтін мамандықтарды ғана біздің азаматтарға ұсынып жатыр. Шынымен де бұл компаниялар біздің азаматтарымыз арасынан білікті маман дайындап, оларға жоғары жалақы берсе, экономикамызға шынымен серпіліс берер еді.

«Бәрін өзіміз өндіреміз» деген түсінік неге қате?

Біз барлық нәрсені өндіре алмаймыз. Қазақстан тек өз  жолын табуы керек деп есептеймін. Қай тауарды жасағанда әлемдік деңгейге шыға алатынымызды білуіміз қажет. Тамақты да, киімді де, барлық нәрсені өзіміз өндіреміз деу — қате.

Оңтүстік Корея кейінгі 10 жылдықта косметика саласы бойынша дүниежүзінде көш бастады. «Косметика ма?» деп менсінбей қарауыңыз мүмкін, бірақ Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 58%-ін мұнай қамтамасыз етіп отыр десек, ал Оңтүстік Кореяның жалпы ішкі өнімінің 30%-ін косметика өндірісі алып отыр. Қазақстан да осы сияқты өз саласын табуы керек. «Қой шаруашылығын, оның еті мен сүтінен бастап, терісін, жүнін өңдеп, еліміз алға шыға алады», «Бұл — біздің ата кәсібіміз» дейтін тереңірек зерттелмеген тезистерді оқыдым. Өзіме де ой салды.

Ресей немесе Түркия, Қытай қандай да бір тауарды ішкі нарықтағы бағадан төмен жеткізсе және ол сапалы болса, импорттан қашпауымыз керек. Бұл — қалыпты жағдай. Барлық ел импортқа тәуелді, мұнан бас тарта алмаймыз. Сонымен бірге біз экспортқа шикізат қана емес, дайын өнім шығаруға да бет бұруымыз қажет.

Мемлекет «импортты алмастырамыз» де көп қаржы бөледі, мұны мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асыруға тырысады. Ал нарық экономикасында мемлекеттің орны аз болуы керек, тек реттеуші орган болуға тиіс. Дағдарыс кезінде ғана араласқаны жөн. Ал біздің экономикада мемлекеттің ролі өте жоғары және монополист ретінде араласады. Мемлекет нарықтың 60-70%-ін ұлттық компаниялар мен холдингтер арқылы алып тұр. Билік бағдарламалар арқылы экономикамызды дамытуға тырысады. Мұның пайдасы болмайды. Неге десеңіз, мемлекеттен «тегін ақша» келіп жатқандықтан бюрократия, жемқорлық басым. Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова да мемлекеттік бағдарламалар соңына дейін жетпегенін айтты. 2018-19 жылдары жиырмаға жуық бағдарлама жасалды. Жобаның өзі керемет. Парламенттегі талқылаулардан кейін «Мына бағдарлама жүзеге асса, елімізде зауыт-фабрикалар құрылса, экономикамыз дамиды» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда 20-30 бағдарлама болса, соның ішінде үш өндіріс орны ғана құрылады, іске қосылады. Қалғаны түрлі себеппен жабылып қалған не соңына дейін жетпеген. «Осындай маркалы цементті өндірдік» дегеннің өзінде оны экспортқа шығара алмайды. Бұған кедергі болатын фактор өте көп, ал қағазда болуы мүмкін проблемалар мен оны шешу жолдары көрсетілмейді.

Аякөз Ханетова
Аякөз Ханетова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Азаматтардың кредитке жаппай байлануына не себеп?

Америкада сәбіз қымбаттаса, бұл Қазақстандағы сол өнімнің қымбаттауына, ақша-несие саясатына әсері болады. Территориямыз алшақ болғанымен, өзге елдерді шаршып өтеді.

Егер біздегі инфляцияның қарқыны қатты болып жатса, ұлттық банк бірінші кезекте ақшаны, оның құнын қымбаттады. Осыдан кейін кредиттің проценті де қымбаттайды. Осыған дейін кредитті 15%-пен алып жатсаңыз, 18%-пен аласыз. Демек кәсіпкерлер кредит алуды доғара бастайды. Алайда жеке тұлғалардың кредит алуы тыйылмай тұр. Керісінше, дағдарыс кезінде қиналған сайын кредитті көп ала бастайды. Азаматтар тамақты да, киімді де бөліп төлеуге алып жатыр. Бұл жақсы көрсеткіш емес.

Жеке тұлғалар мұндай кезде ақшаны көп жаратпай, жинақтауы, сақтауы керек, бірақ қолында депозитке сала алатын ақшасы бар адам өте аз. Халықтың қалтасында жеткілікті деңгейде ақшасы жоқ, сондықтан дағдарыс кезінде жеке тұлғалардың несиеге жүгінуі артып жатыр.

Ұлттық экономика министрлігі қаңтар айынан бері экономикада 4% өсім бар екенін айтып келе жатыр. Қай секторларда өсім байқалатынын зерттеп көрсем, баяғы құрылыс, банк саласы екен. Негізінде бұл салалар мемлекеттен бөлінген қаржы арқылы өсіп жатыр. Қазақстанда дәл осы секторлардың лоббиі күшті.

Билік мемлекеттік бағдарламалар арқылы төмен процентпен ипотека беріп жатырмыз дейді, бірақ бұл нарықтық экономикаға қайшы. Неге десеңіз, біз 15%-пен ипотека алуымыз керек болса, халықтың әл-ауқатын да банктерден сондай жоғары процентпен несие ала алатын жағдайға жеткізуіміз керек еді.  Түбіне келсек, мұның бәрі — үйдің қымбаттауына әсер етіп жатқан факторлар.  Мемлекет нарықта мұншалықты маңызды роль ойнамауы керек. Мемлекет мұның орнына азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларды қолдауы керек еді, бірақ бізде субсиядиялау басым болып тұр.