Алматы мектептерінде 2024 жылғы 30 қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы жоспарлы вакцинациялау, сонымен қатар 12, 13 жастағы қыздарға вакцинация жүріп жатыр.
Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, мегаполисте АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 6 067 қыз вакцинацияланды, оның ішінде 11 жастағы қыздар — 2 392, ал 12-13 жастағы қыздар — 3 675. Вакцинацияланған қыздар арасында вакцинациядан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.
Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері егілетін адамдарды қарап, тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан (заңды өкілдерінен) келісім алғаннан кейін жүргізеді. АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған, алты ай аралығымен екі дозадан тұратын, Қазақстан Республикасында тіркелген АҚШ-тың төрт валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады. Бұл вакцина АПВ 6,11,16 және 18 түрлерінен қорғайды, — деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.
Сонымен қатар ол вакцина алудың маңыздылығына тоқталды.
Алматының бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, елімізде жыл сайын 1 900-ге жуық әйелде жатыр мойны обыры анықталады және статистикаға сәйкес, күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады.