Ұлттық банк валюта айырбастаудың жаңа ережесін бекітеді

Қазақстанда айырбастау пункттерінде валютаны сатып алу және сату бағамдары арасындағы ауытқуларға жаңа шектеулер белгіленеді.

Бұл туралы ұлттық банк хабарлап отыр.

Жоба бойынша айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін — 7 теңге, еуро үшін — 10 теңге деп белгілеу ұсынылады.

Ұсынылған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сонымен қатар қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған, — делінген хабарламада.

Бұл шектеулер қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін айырбастау операцияларына әсер етпейді.

Қаулы жобасының толық мәтінімен Қазақстан ұлттық банкінің ресми сайтында танысуға болады.