Басты бетЖаңалықтарҮкіметте қысқы...

Үкіметте қысқы IX Азия ойындарына дайындық шаралары қаралды

2026 жылғы қысқы олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейту керек. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеп отыр.

Біздің ұлттық құрама алдағы Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан азаматтарына нағыз спорт мерекесін сыйлайды деген үміттеміз. Әйгілі спортшылар – олимпиада жеңімпаздары Владимир Смирновтың, Людмила Прокашеваның, Елена Хрусталеваның, Денис Теннің, Юлия Галышеваның аттары қазақ спортының тарихында алтын әріптермен жазылған.

Спортшыларымыздың осы даңқты жолды Харбинде өтетін алдағы ойындарда жалғастырып, жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектеспін! Туризм және спорт министрлігіне, әкімдіктерге, барлық мүдделі ұйымдар мен компанияларға Қытайда сәтті нәтиже көрсету үшін спортшыларымызға барлық жағдайды жасауды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сыртқы істер министрлігі ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсетуі қажет екенін айтты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі спортшыларымыз қатысатын Азия ойындарының үздіксіз әрі сапалы трансляциясын қамтамасыз етсін. Барлық спорттық іс-шара бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып отыруға тиіс. Сонымен қатар туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен, ұлттық олимпиада комитетімен, федерациялармен бірлесіп, 2026 жылғы қысқы олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын барынша күшейтсін, — деді премьер-министр.