Үкімет Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға 1,1 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде іске асырылып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады.
Спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған.
2024 жылы Қазақстанда барлығы 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде. Бұдан басқа, үкімет 2025 жылдың соңына дейін спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу бағдарламасын іске асырып жатыр: 113 жаңа нысан салу және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін реконструкциялау жоспарланып жатыр.
Бүгінгі таңда үкімет арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 50,6 миллиард теңге бөлді. Олардың қатарында төрт мектеп, оның ішінде біреуі музыкалық мектеп, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, екі балабақша бар.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.