2025 жыл, өзгеріс
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Әдеттегідей АЕК мөлшері артып, сол себепті айыппұл мен өзге де төлем көбейеді. Биыл елде не өзгереді? Baribar.kz шолып шықты.

Айыппұл мөлшері артты

2025 жылы 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшері 3 932 теңге болды. Былтыр 3 692 теңге еді. АЕК өскендіктен, айыппұл мөлшері де артып отыр:

  • мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам 11 796 000 теңге;
  • қоқысты белгіленбеген жерге төккен, қоғамдық орында түкірген адам 39 320 теңге;
  • жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін тыныштық бұзғандар 19 660 теңге;
  • елді мекендерде пиротехникалық бұйымдар қолданғандар 78 640 теңге;
  • қоғамдық орында алкоголь ішіп, мас күйі басқа азаматтардың мазасын алғандар 19 660 теңге;
  • қоғамдық орында әдепсіз сөз айтқандар 20 АЕК немесе 78 640 теңге;
  • мұғалімге немесе дәрігерге әдепсіз сөз айтып, беделіне нұқсан келтіргендер 117 960 теңге;
  • кәмелет жасқа толмағандарға шылым немесе темекі өнімдерін сатқандар 58 980 теңгеден 393 200 теңгеге дейін;
  • кәмелет жасқа толмағандар ойын-сауық мекемелерінде сағат 22:00-ден кейін жүрсе, 11 796 теңге;
  • көрінеу жала жапқан азаматтар 629 120 теңге, көрінеу жалған жарнама таратқандар 393 200 теңгеден 3 932 000 теңгеге дейін;
  • жалған ақпаратты блогерлер таратса, олар 30 АЕК-дан 100 АЕК-ге дейін немесе 117 960 теңгеден 393 200 теңгеге дейін;
  • жеке деректерді заңсыз жинау және өңдеу 10 АЕК-ден 70 АЕК-ге дейін немесе 39 320 теңгеден 275 240 теңгеге дейін;
  • қоғамдық орында зат сату, көріпкелдік, қайыршылық, жезөкшелік мақсатында престуляция болса, 19 660 теңге;
  • азаматтан төлқұжат немесе жеке куәлікті кепілге алған адам 19 660 теңге айыппұл төлейді.

Мемлекеттік жәрдемақы көбейді

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы көлемі артты.
  • Бір, екі, үш бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, төрт және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды.
  • Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы төрт баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты.
  • I топ мүгедегіне арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін көбейді.

Зейнетақы аздап артты

  • Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңге (2024 жылы 28 215 теңге еді), ал ең жоғары мөлшері 50 851 теңге (2024 жылы 45 578 теңге еді) болды.
  • Жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 62 771 теңге (2024 жылы 57 853 теңге болған еді), ал ең жоғары сомасы 162 195 теңге (2024 жылы 152 295 теңге еді) болды.
  • Базалық және жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 95 131 теңге, ал ең жоғары мөлшері 213 046 теңге болды.

Төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өзгерді

1 қаңтардан бастап төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өсті.

Төлқұжат жасату құны:

  • 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін).
  • Қолданыстағы 36 парақ болатын төлқұжат құны — 8 АЕК, яғни 31 456 теңге.
  • 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болды.

Жеке куәлік жасату құны:

Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Ал жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлейді.

2025 жыл Жұмысшы мамандар жылы болады

Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жарлыққа қол қойған. Бұл жұмысшы мамандардың беделін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру үшін керек.

Бастама жұмысшы мамандарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет.

Жұмысшы мамандар жылын өткізу бойынша қажет шараларды үкімет белгілейді. Ал жарлықтың орындалуын қадағалау президент әкімшілігіне жүктелген.

Енді баспана кезегін әкімдіктер емес, Отбасы банк реттейді

Отбасы банкіне («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын Ұлттық даму институты мәртебесі берілді.

Осыған орай Отбасы банк қарамағынан Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған 646 мың адамнан құралған тізім Отбасы банкіне беріледі.

Қазіргі дерекқорға тіркелу тоқтатылады. Оның орнына Отбасы банк қарамағынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрон деректер базасы құрылады. Онда тұрғын үйі жоқ барлық азамат есепке тұра алады. Бас шарт – кейінгі 5 жыл ішінде азаматтың меншігінде тұрғын үй болмауы керек.

Отбасы банк жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйдің жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді жалғастыра береді.

«Наурыз» бағдарламасына өзгеріс енді

Енді салымшының есепшотында кем дегенде 1 млн теңге емес, 2 млн теңге болуы керек. Бұл туралы Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеген еді.

Бағдарламаға қатысқан адамға алты ай уақыт береміз. Осы уақыт ішінде алғашқы жарнаны табуы қажет. Алайда адамдар алғашқы жарнаға қажет ақшаны таппай жатады. Ал кезекте осы соманы құя алатын адамдар бар, — деді банк басшысы.

Сол себепті енді «Наурыз» бағдарламасы бойынша, есепшотта 2 млн теңге болуы керек.

Мыңнан астам адам бостандыққа шығады

Есірткі өндіретіндердің жазасы күшейіп, оны жеткізетіндердің жазасы жеңілдейтін заң қабылданған еді.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заңда есірткі жасырып қоятындардың қылмыстық жауапкершілігі жеңілдеген. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, жаңа нормалар бойынша, 1000-нан астам сотталған адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға құқы бар. Сот әр азаматтың ісін жеке қарап, мерзімінен бұрын босатуға қатысты шешім шығарады.

Қазір республика бойынша есірткі қылмысы үшін 4 мыңға жуық адам сотталған. Оның 1 220-сы есірткі жасырғаны үшін түрмеде отыр.

Ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Үкімет 2023 жылғы 29 желтоқсанда «2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» қаулы қабылдаған еді. Қаулы 2024 жылғы 19 қаңтарда күшіне енді. Ауыл шаруашылығы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында саналады. Санақ екі кезең бойынша өтеді:
  • 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде;
  • 2025 жылғы 20 қыркүйек–20 қазан аралығында планшет пайдаланып, елді мекендерді аралау арқылы.

Санақ мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы туралы толық ақпарат алу. Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткен.

Білім гранттары саны 75 мыңға жетеді

Кейінгі 3 жылда жоғары білім алуға арналған гранттар саны екі есе ұлғайған. Қазіргі уақытта гранттар саны — 56 мың.

Nur Otan партиясы бекіткен бағдарламада гранттар санын тағы ұлғайту көзделген. 2025 жылы білім гранттары саны 75 мыңға жетеді.