Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда қанша...

Қазақстанда қанша адамға әлеуметтік көмек беріледі?

2024 жылғы 1 желтоқсанда 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 54,7 млрд теңге қарастырылған.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

  • табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  • табысы аз отбасылардағы бір жас пен алты жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 желтоқсанға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 128,8 мың балаға 5,0 млрд. теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Сонымен қатар Қазақстан азаматтары АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сонымен бірге электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алатындығы атап өтілді.