Алматыда «Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл» атты ауқымды бағдарлама әзірленді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қаланың барлық сегіз ауданын қамтитын мерекелік іс-шаралар 20 желтоқсанада басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Биыл Алматы қаласының жаңа жылдық безендіруіне шамамен 800 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, өткен жылғы инсталляцияларды барынша қалпына келтіріп, пайдаланудың арқасында, әрі мәдениет саласындағы мекемелердің белсенді қатысуы нәтижесінде мереке өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болмақ, — деп атап өтті қала әкімдігінен.
Алматы Жаңа жыл қарсаңында әуежайдан бастап орталық алаңдарға дейін ерекше безендіріледі. Қала аумағында 300-ге жуық ертегі кейіпкері мен мерекелік нысан бейнесіндегі инсталяция орнатылады, оның ішінде қайта жөндеуден өткен былтырғы 120 шағын сәулет пішіні (ШСП) де қолданылады. Негізгі көше бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдармен және гирляндалармен безендіріледі. Жалпы, 12 көше мен даңғыл бойында 1500 жарық элементі орнатылады, оның 350-і өткен жылы қолданылған кронштейндер.
Сонымен қатар қаладағы 21 ғимараттың қасбеті архитектуралық жарықпен көмкеріліп, Алматыға жаңа жыл қарсаңында ерекше көрік береді. Алматының бас символдарының бірі – «Көктөбе» телемұнарасы жаңажылдық стильде безендіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарын мультимедиялық бейнекөрініспен қуантады.
Алғаш рет қаланың негізгі алаңдарына қаңқалы емес, классикалық еуропалық стильдегі ерекше діңгекті шыршалар қойылады. Алматыдағы бас шыршаның биіктігі 22 метр болады, ол дәстүр бойынша Республика сарайының алдындағы Абай атындағы алаңда орнатылмақ. Шыршаны безендіруге жарқын декорациялар, ірі банттар, 6 шақырым гирлянда және қайта өңделген экологиялық қауіпсіз материалдардан жасалған ойыншықтар қолданылады.
Жалпы, биыл Алматы қаласында 80-нен астам шырша орнатылады. Әр шыршаны безендіру үшін 4-6 шақырым гирлянда пайдаланылады. Шыршалар тұңғыш президент саябағында, Республика алаңында, «Халық арена» мұз айдынында, «Алматы арена» көпфункционалды кешенінде, Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Наурызбай ауданы амфитеатрында, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, әйгілі Алматы циркінің алдында, сауда орталықтарының аумағында, саябақтарда, скверлерде және қала тұрғындары жиі демалатын басқа да қаланың негізгі орындарында бой көтереді.
20 желтоқсанда сағат 19:00-де Республика сарайы алдында Алматының бас шыршасы салтанатты түрде жағылады. Шара барысында Turar, Dakelot, Adill, Мади Рымбаев, Диная, Astro тобы, Malika Yes, Балжан Бидаш, ALPHA тобы сияқты эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Аяз Ата мен Ақшақар да мерекенің басты қонағы болады.