Басты бетЖаңалықтарБірнеше несиесі...

Бірнеше несиесі бар азаматтарға өз құқығын қорғау жеңілдейді

Қазақстанда 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсман институты жұмыс істейді. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлап отыр.

Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу.

Агенттіктің мәліметінше, микроқаржы омбудсманы Қазақстан азаматтарының микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметі тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек, — делінген хабарламада.

Омбудсман сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілеріне араласпайды. Сонымен бірге дәлелденбеген немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштерді қарамайды.