Ең ірі «Атырау-Астрахань» жол жобасының құрылысы аяқталды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Атырау–РФ шекарасы (Астраханға) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстардың аяқталғаны туралы мәлімдеп отыр.

Жоба жұмыстары 2018 жылы басталып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен жүзеге асырылды.

Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба аясында алты көпір, бір жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр мен 10 демалыс алаңдары абаттандырылды. Сонымен қатар 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етілді.

Қайта жаңарту жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес салынып, жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Аталмыш жұмыстарға 650 маман мен 450 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Ақтөбе (Мұғалжар) және Маңғыстау (Шетпе) облыстарынан теміржол арқылы 3,4 млн тонна интертті материал жеткізіліп, жұмыс барысында қолданылды. Инертті материалдарды тасымалдауға 50 мыңға жуық жарты вагон және битум тасымалына 2,5 мың битум тасығыш қажет болды.

Осы уақытта дейін бұл учаске арқылы жол жүру уақыты 5 сағат болса, ал қазір бүкіл маршрутты жүріп өту үшін 2 сағат кетеді. Бұл жоба барысында салынған сапалы жол жабыны мен заманауи инфрақұрылымның нәтижесінде жүзеге асып жатыр.