Алматы облысы Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы облыстық полиция хабарлап отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, ол 4 қазан күні қайтыс болған Шерзат Болаттың ағасы. Ер адам алдын ала мәлімет бойынша өз-өзіне қол салған.
Аталған жағдайы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге істің қылмыстық сипаты анықталған жоқ, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар полиция департаментінде марқұм Ш.Болаттың отбасы осы уақыт бойы тәртіп сақшыларының қорғауында болғаны хабарланды. Сол күні күзетте болған полиция қызметкерлерінің айутынша, ер адам үйден 23:30-да шығып, өз көлігімен кетіп қалған.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
Психолог Гүлзат Қанат жасөспрімді ұрып өлтірген адамдардың паталогиялық агрессиясы бар екенін айтқан еді.