Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған бес адам сотталды. Олар оқырман саны көп әлеуметтік парақшаны сатып алу арқылы заңсыз құмар ойынын өткізген.
Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлап отыр.
Қызылорда және Ұлытау облысында тұратын бес адам қылмыстық пиғылын биылғы жылдың қаңтар айында бастаған. Олар Instagram әлеуметтік желісіндегі 402 мың оқырманы бар парақшаны сатып алған.
Сол арқылы «Карта-Лото» заңсыз құмар ойын ұйымдастырған. Сонымен қатар WhatsApp әлеуметтік желісінде сотталушылар заңсыз құмар ойынын жүйелі түрде жүргізген. Желіде оларды республиканың өзге өңірлеріндегі оқырмандар да бақылап отырған. Азаматтардың қызығушылығын арттыру мақсатында халықты түрлі жарнама арқылы ойынға шақырған. Салдарынан биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында олар 69 822 994 теңгеден астам табыс тапқан. Соттың үкімімен сотталушыларға екі жыл алты ай мен үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.