2024 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасының ұлттық банкі теңге бағамына қатысты жағдай туралы жаңа ақпараттық хабарлама таратты.
Қараша айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5%-ке әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ доллар болды.
Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қараша айында ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ін және күніне 60 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшер болды. Ұлттық банк ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді, — делінген хабарламада.
Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы желтоқсанда ұлттық банк ұлттық қордан 800 млн-нан 900 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, ұлттық банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін 2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі валюталық түсімнің 50%-ін міндетті түрде сатуы туралы норма қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады.