Басты бетЖаңалықтарАстанада кәмелетке...

Астанада кәмелетке толмаған 165 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді

Елордада жасөспірімдер қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Полицейлер аудандық әкімдіктердің, білім басқармасының және Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қызметкерлерімен бірлесіп, саябақтар мен гүлзарларды, компьютерлік клубтарды, кафелерді тексереді. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болу деректері анықталды.

Рейдтік іс-шаралар шеңберінде аудандық ІІО-ға 165 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, алты бала есепке алынды. Сонымен қатар 151 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы» бойынша 109 факті тіркелді. Балалардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге ойын-сауық мекемелерінің иелері сағат 22.00-ден кейін ата-аналары немесе оларды алмастыратын тұлғалары жоқ балаларды кіргізгені үшін жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына және жүруіне тыйым салынады.

Рейдтік іс-шаралар қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру, заңдылық қағидаттарын дамыту және кез келген құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мақсатында жүргізіледі.