12,8 мыңнан астам Қазақстан азаматына арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды

2024 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша 12 835 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Аталған төлемді тағайындауға жалпы 13 673 адам өтініш білдірген.

Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 151 адам жүгінді, оның ішінде 3 037 адамға тағайындалды. Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 522 адам өтініш білдіріп, оның 9 798-іне тағайындалған, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, 351 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр, 119 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 368 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.