Қостанай облысында қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру ережелерін бұзудың 16 мыңға жуық дерегі тіркелді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Облыс аумағында тазалықты сақтамаған және абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға жалпы сомасы 80,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең көп таралған құқықбұзушылықтар қатарында саябақтар мен скверлерді ластау, рұқсат етілмеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастау және белгіленбеген жерлерде қоқыс жинау фактілері бар. Соның ішінде жиі кездесетін әрекеттердің бірі — темекі тұқылын кез келген жерге тастау. Мұндай әрекет үшін заң бойынша 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері осындай 3 600-ден астам құқықбұзушылық анықталды.
Полицейлер бұл бағытта басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, рұқсат етілмеген полигондар мен абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөліп жатыр. Аймақта арнайы мобильді топтар жағдайды үнемі бақылауда ұстап, тексеріс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 43 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Оның 20-сы жойылды. Атап айтқанда, Қостанай қаласында — бес, Амангелді ауданында — төрт, Жітіқарада — екі, Қамысты, Наурызым, Ұзынкөл және Федоров аудандарында — екі, ал Рудный ауданында бір полигон тазартылды.
Қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәселесі — құқық қорғау органдарының басты назарында. Биылғы жылы абаттандыру ережелерін бұзудың 12 мыңға жуық дерегі тіркелді. Тұрғындар тарапынан абайсыздық пен жауапсыздықтың салдарын болдырмау үшін полицейлер түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға күш салып жатыр.