25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» акциясы өтіп жатыр.
Осыған орай БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында баспасөз конференциясы өтті. Оған облыс әкімінің гендерлік саясат мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жансұлу Төремұратова, БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Арман Дүйсекенов, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиева қатысты.
Акция аясында мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар елдің барлық өңірінде көшпелі кездесулер өткізіп, тұрғындарға тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғану алгоритмін түсіндіреді. Еліміздегі дағдарыс орталықтары әйелдерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар LED-экрандарда және кинотеатрларда арнайы бейнероликтер, «111» бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны арқылы зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл көмек көрсетіледі.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау мақсатында Орал қаласында мемлекеттік дағдарыс орталығы, Ақсай қаласында үкіметтік емес ұйым басқаратын орталық қызмет көрсетіп жатыр. Биыл 379 әйел осы орталықтардың көмегіне жүгініп, 35 әйел полиция жолдамасымен уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.
Баспасөз конференциясында Жансұлу Төремұратова әйелдер мен балаларды қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін, әр азаматтың осы бағыттағы бастамаларға қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» – бұл қоғамдағы зорлық-зомбылықты жою мен теңдікке негізделген болашақ құрудағы маңызды қадам. Әр азаматтың атсалысуы бұл бастаманың табысты болуына ықпал етеді» – деп түйіндеді сөзін спикер.