Басты бетЖаңалықтарАлматыда қазақтың...

Алматыда қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жасы аталып өтті

Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейлі той қарсаңында қара шаңырақ — Жамбыл атындағы филормонияда әншінің шығармашылығына арнап, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің Бибігүл Төлегенованың шығармашылығына арналған концерті өтті.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 89-жылдық тарихында есімі алтын әріппен жазылған дара тұлғалар қызмет атқарған. Соның бірі де, бірегейі — бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова.

Әнші халық алдына шыққанда зал түгелдей орнына тұрып, қошемет көрсетті. Сөзді әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филармония директоры  Ақан Абдуалиев алып, қазақтың бұлбұлына құтты болсын айтты.

"Отырар сазы" оркестрі
Фото: Жамбыл атындағы филармонияның баспасөз қызметі

Осы желтоқсан айында Бибігүл Төлегенова  апамыз 95 деген ғасырмен құрдас жасқа келеді. Ол кісімен әңгімелескен кезде филармонияда апамыз 15 жылға жуық қызмет атқарғанын және өзінің айтуынша КСРО Халық әртісі, Қазақстан Халық әртісі, Социалистік  Еңбек ері одан басқа да марапаттары бар, соның бәрін осы филармония қабырғасында жүрген кезде алғанын айтады. Сондықтан бұл мерейтойды міндетті түрде атап өтуді жөн көрдік. Ірі ұжымдардың ішінен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестріне тоқталдық. Себебі Нұрғиса Тілендиев пен Бибігүл Ахметқызы бір үйдің үшінші-төртінші қабатында көрші тұрған. Екеуі өнерде сырлас болған. Сондықтан да бүгінгі кешті Отырар сазымен өткізуді жөн көрдік, — деді Ақан Абдуалиев.

Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Дінзухра Тілендиева концертте Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әндер орындалатынын айтты.

Бүгінгі толық концерт 20 шығармадан тұрады. Оның көбісі — Бибігүл Ахметқызының репертуарынан алынған әндер. Біз ол кісімен бір үйде тұрдық. Әкем Бибігүл Ахметқызымен өнерде бірге көп жұмыс істеді, әкемнің көптеген әнін бірінші болып шырқады. Оның ішінде «Кел еркем Алатауыма», «Жан жарым», «Жан сәулем» әндері бар. Концертке біраз уақыт дайындалдық. Бүгінгі концерттің бағдарламасын дайындауда да соған қарап ойластырдым. Бағдарламадағы шығармалардың көпшілігін оркестрге әкем өзі жазып кеткен және одан бөлек Бибігүл Ахметқызының тікелей шәкірті болмаса да, ізін басып келе жатқан жаңа әншілер жаңа композиторлардың әндері де орындалды, — деді Дінзухра Тілендиева.

Бибігүл Төлегенова халық алдында сөз сөйлеп, бақытты адам екенін айтты әрі 95 жасын тойлауға келіп отырған көпшілікке алғыс білдірді.

Бибгүл Төлегенова
Фото: Жамбыл атындағы филармонияның баспасөз қызметі

Бүгін мен — бақытты адаммын. Өйткені сіздер менімен бірге, менің 95 жасымды тойлауға келіп отырсыздар. Әрине, бұл жасқа жетудің өзі жеңіл емес. Талай қиыншылықтар болды. Сіздерге айтарым, еліміз аман болсын, тыныштық болсын. Аспанымыз ашық болып, іштегі даудан, сырттағы жаудан сақтасын. Қазақ деген кең халық қой. Халқымыз аман болсын, тыныштық болса, қолымыздан бәрі келеді, – деп елге ақ батасын берді.

Әнші қазір ән айтпайтынын, дегенмен білгенін кейінгілерге үйретіп жүргенін айтып өтті.

95 жасқа келсем де, қол қусырып отырғаным жоқ. Білгенімді жастарға көрсетіп, айтып жүрмін. Қазір ән айтуды қойдық. Үлкейдік, тынысымыз да, дауысымыз да жетпейді дегендей. Орыстар «Молодым везде у нас дорога, старикам везде у нас почет» дейді ғой. Үлкендерге осындай құрмет, жастарға жол болсын. Құдай Тағала көктегі, жердегі апаттан, қайғы-қасірет, дерттен, оттан, судан сақтасын! — деп тілек білдірді Бибігүл Төлегенова.

Концерттік бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Жалғасбек Бегендіков пен Халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсеков те дирижер болды. Оркестр мен әншілер Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы Халық әні «Гауһартас», «Жан жарым», «Мама» атты үздік шығармалары мен бар қазаққа танымал Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку» және тағы басқа әндерді орындады.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Гүлзат Дәуірбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айгерім Шәріпбек, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Фархат Кубиев, Нұрғалым Аманбай, Аяжан Қуанышалиева, Айдос Жабағин, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті.

"Отырар сазы" оркестрі, әншілер
Фото: Жамбыл атындағы филармонияның баспасөз қызметі

Тоқсанның торқасына шыққан тұлға мерейтойлық концертте көрермен қатарынан табылып, өзіне көрсетілген сый-құрметке ризашылық білдірді.