Мемлекет басшысы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Руслан Жақсылықов қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берді.
Қорғаныс министрі:
- бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сонымен қатар әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндады;
- армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылғанын айтты;
- мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысын жеткізіп, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында президент – Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.