Басты бетЖаңалықтарЕртең Қазақстанда...

Ертең Қазақстанда дабыл жүйесі іске қосылады

21-22 қараша аралығында елімізде «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің хабарлауынша, ол «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында өтеді.

Оқу-жаттығудың республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан.

Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары, ТЖМ аумақтық бөлімшелері тартылады.

Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлар салдарын жоюға дайындығы бағаланады, — делінген министрлік хабарламасында.

Практикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесін тексеру жүргізу жоспарланған.

21 қараша сағат 11:00-де электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылады.

Бұл іс-шара халықтың «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізіледі.