Астанада трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшілері мен мүшелері сотталды. Бұл туралы Астана соты хабарлап отыр.
Астанада трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, оған басшылық еткен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде өткiзуге тыйым салынған тауарларды шекарадан өткізген ұйымдасқан топ сотталды. 2016 жылы сотталушылар Ж. мен Р. Қазақстан Республикасынан Түркияға бағалы метал – алтынның заңсыз айналымы мен тасымалдау үшін трансұлттық ұйымдасқан топты құрған. Олар қылмыстық топтың құрамына өздерінің таныстары мен туыстарын, оның ішінде сотталушы Б.-ны тартқан, — делінген хабарламада.
Нәтижесінде сотталушылар 2017-2021 жылдар аралығында 19 эпизод бойынша Қазақстан Республикасынан Түркияға заңсыз түрде жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуық бағаланған салмағы 190 кг-дан жоғары алтын тасымалдаған.
Сот үкімімен ұйымға басшылық еткен екі азамат 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Оларға көмектескен сотталушы Б. сегіз жылға сотталды.